Түркістан облысында бос жатқан жерлерді мемлекетке қайтару жұмыстары жалғасып жатыр. Облыста биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында 31 мың гектар жер телімдері мемлекет меншігіне қайтарылды, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігінің тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Ерғали Тілеген мәлімдеді.
«Жалпы облыстағы барлық жер қоры 11 млн 610 мың гектарды құрайды. Оның басым бөлігі яғни 4 млн 469,5 мың гектар аумақ — ауыл шаруашылығы жерлерінің үлесіне тиесілі. Сонымен қатар, облыс әкімінің өкімі негізінде құрылған ведомстволық топ өңірдегі ауыл шаруашылығына пайдалануға арналған жерлерді және заңсыз иеленген аумақтардың барлығын мемлекет меншігіне қайтару бойынша жоспарлы жұмыс жүргізуде», -деді Түркістан облысы жер қатынастары басқармасының басшысы.
Оның сөзінше, мал бас жылдан жылға көбейіп келеді. Сондықтан жайылымды жерлердің де көлемін арттыру жұмыстары жалғаса береді.
«Атап айтар болсақ, 2024 жылы 60 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару жоспарланған. Алғашқы жартыжылдық есеп бойынша қазіргі таңда 31 мың гектар жер мемлекет меншігіне өткізілді. Сондай-ақ өңірде мал басының артуына байланысты жайылым көлемін 304 мың гектарға арттыру көзделіп отыр», — деді Өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте басқарма басшысы.