Менингококк инфекциясы — құрылымы жағынан да, ауырлығы жағынан да әртүрлі клиникалық көріністермен көрінетін жедел инфекциялық ауру: жергілікті формадан (назофарингит) жалпы интоксикация түріндегі аралас (менингококкцемия) және менингиттің дамуымен мидың жұмсақ ми қабығының зақымдануы, сондай-ақ симптомсыз формасы (бактерия тасымалдаушы) бар. Менингит өлімге әкелуі мүмкін және дереу медициналық көмекті қажет етеді, деп жазады Todayinfo.kz ақпарат порталы.
Инфекция көзі ауру адам немесе бактерия тасымалдаушы. Көбінесе қауіпті бактерия тасымалдаушылар болып табылады — олар организмдерінде микробтар бар дені сау адамдар. Менингококк жұқпасын тасымалдаушылар олар өздері ауырмай, айналасындағыларын жұқтырумен қауіпті.
Инфекция – ауа-тамшылы жолмен сөйлегенде, жөтелгенде, түшкіргенде, қатты айқайлағанда беріледі.
«Менингококк инфекциясының негізгі белгілері: бұл – дене қызуының 39-40 градусқа дейін жоғарылауы, жүрек айну және құсу. Өкінішке орай бұндай жоғары дене қызуын қарапайым дене қызуын түсіретін дәрілік заттар арқылы түсіру тіпті де мүмкін емес. Сонымен қатар менингиттің ауыр түріне тән белгі құлақтың бітелуі, бала шақырғанды естімеуі мүмкін. Аурудың өте ауыр ағымы науқасты естен тануға дейін жеткізеді. Менингиттің асқынуы салдану жағдайын, кейде мүгедектікті тудыруы мүмкін», — дейді Жетісу облысы СЭБД басшысы Асхат Сәкенұлы.
Дегенмен медициналық ұйымға дер кезінде қаралу асқынусыз толық сауығып кетуге мүмкіндік береді. Сондықтан балада жоғарыда аталған белгілер байқалса, ата – аналар медициналық көмекке дәрігерге дер кезінде жүгінуі қажет. Бұл дене қызуының көтерілуі, бастың ауыруы, жүрек айну және құсу белгілеріне қатысты. Сонымен бірге баланың іс – қимылын да мұқият қадағалау қажет. Себебі бір балалар тоқтаусыз жылайды және мазасыз болады, ал басқа балалар керісінше – өте әлсіз, енжар болып, ұзақ уақыт ұйықтай береді. Мазасыздық жағдайы мен ұзақ уақыт жылауда аурудың белгісі болып табылады. Ата – ана мен бала арасында қатынастың бұзылуы да сақтықты қажет етеді, себебі бұл – орталық жүйке жүйесінің зақымдалуы немесе менингитпен байланысты жіті инфекциялық жағдайдың дамуынан болуы мүмкін. Әрине дене қызуы, бас ауруы және кейбір басқа белгілер кез келген инфекциялық ауруды тудыруы мүмкін. Бірақ бұл жағдайда да ауруханаға қаралып немесе үйге участкелік дәрігерді міндетті түрде шақыру қажет!
Өкінішке орай көп жағдайда ата – аналар ауырған балаларын өздері емдей бастайды. Ауырған адамның өмірі дер кезінде емдеуді қажет ететініне қарамастан дене қызуын түсіретін амал жасайды, бас ауыруының дәрісін береді, соның салдарынан дене қызуын уақытша түсіріп, сырқатты созып, қымбат уақыттарын жоғалтып алады. Аталған жұқпаны жоғары тиімді антибиотиктер және басқа да заттармен емдеуге медицинаның мүмкіншілігі бар, оны науқас адамның ағзасына ерте енгізгенде және дұрыс дәрігердің тағайындауымен қолданғанда, көмегін тигізеді. Емдеуді неғұрлым ерте бастаса аурудың сауығуына да қолайлы жағдай туындайды. Медициналық ұйымға ерте қаралу уақыты ауру басталғаннан алғашқы 4-8 сағат аралық болып табылады.
Қауіпті топқа кімдер кіреді? Балаларда аурудың даму қаупі ересектерге қарағанда жоғары. Аталған инфекциядан тұрғындардың көп жиналуынан, бөлменің жоғары ылғалдылығынан жиі ұйымдасқан ұжымдарда (балабақша, мектеп, оқу орындары, әскери бөлімдер) бұрқ ету жағдайлары орын алады.
Ауру көбінесе қыс-көктем мезгілінде тіркеледі. Бұл адамның иммундық жүйесі осы уақытта көптеген вирустармен әлсіреуінен болады, сондай — ақ жылдың осы уақытында ЖРВИ, тұмау және басқа да инфекциялардың белсенділігі артады. Сонымен қатар, ағзаға суық тию менингококк инфекциясының дамуының маңызды факторы болып табылады.
Менингококкты инфекцияны жұқтырудың алдын алу үшін, қарапайым жеке бас гигиенасын сақтау қажет:
- жеке бас тазалығын сақтау, әжетханаға барғаннан кейін және тамақ ішер алдында қолды жуғыш заттармен мұқият жуу,
- бөлмелерді жиі желдету,
- ұйымдасқан мекемелерде ылғалды тазалауды күнделікті жүргізу,
- ішетін шырын, тамақ, балмұздақ, конфет, сағызын ауыстырмау,
- сәбиге емізікті берер алдында ауызға салмау,
- жиі таза ауада серуендеп, адамдар көп жиналатын орындарға бармау,
- иммунитетті күшейту.
Ең бастысы жоғарыда көрсетілген аурудың белгілері пайда болған жағдайда медициналық көмекке уақытылы жүгіну!