Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров «Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің басшысы Алмасбек Садырбайдың ұсталуына министрліктің қатысы жоқ екенін мәлімдеді. Бұл туралы ол Мәжіліс кулуарында айтты.
«Біздің қатысымыз жоқ. Ол ауыл шаруашылығы қызметкері емес. Құқық қорғау органдары оны ұстаса, неге ұстағанын өздері де білетін шығар», — деді Сапаров.
Министрдің айтуынша, 2023 жылдан бастап субсидияны облыстар береді, ал Ауыл шаруашылығы министрлігі тек ережені қабылдайды.
«Субсидия алатын адам өтініш бергенде құжатқа «Жауапкершілікті мойныма аламын» деп қол қояды. Сондықтан Алмасбек Садырбайдың неге ұсталғанына пікір білдіре алмаймын, оны білмеймін», — деп толықтырды министр.
Еске сала кетейік, бұған дейін фермер Алмасбек Садырбай ұсталғанын және Қаржы мониторингі агенттігі оны 1,2 млрд теңгеден астам қаражат ұрлады деген күдікке ілінгенін хабарлаған болатынбыз.