«Сотуары тақпай жатып қарайып кетті» деп кінә таққан клиенттеріне әнші Ерке Есмахан жауап берді, деп хабарлайды Todayinfo.
«Құрметті арулар! «Ерке Сотуар» — менің идеям! Менің жүрегімнен шыққан туынды. Сіздерге менің ақ тілегім, оған күмән болмасын. Бірақ сапасы жағы көңілімді түсірді. Өзім шоктамын. Кей сотуарлар өңін өзгертіп жатыр екен. Неше күннен бері мұның себебін зерттеп жатырмыз командамен. Шебер бұл жерде екі нұсқа бар дейді. 100 пайыз қолдан жасалған бұйым болғандықтан кейбіреуінде «брак» (ақау — ред.ескертпесі) бар деп мойындап тұр. Екіншісі, «күміске алтын жалатылғандықтан, тағушының денсаулығында ақау бар болса, бұйым өңін өзгертеді», дейді. Күміс — емдік металл. Мұны да естен шығармайық», — деп жазды Ерке Есмахан.
Әнші елде жасалған бұйымдардың сапасына қатысты да айтып өтті.
«Осының бәрін дұрыстап қадағаламаған кінә менен және командадан. Қазақ шеберлері барлық бұйымды мінсіз жасап беретініне сендім, бірақ Made in Kazakhstan. Енді қайтемін, ондай-ондай болады біздің елде. Егер сотуар қарайып жатса, командаға хабарласыңыздар. Дұрыстап береді. Мен Қазақстанға ораламын. Алдарыңызда жүрмін»,- дейді ол.