Фото: parlam.kz
Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров Түркістан қаласында арақ-шарап сатуға тыйым салуды ұсынды. Парламенттің төменгі палатасында Түркістанның ерекше мәртебесі туралы заң жобасы қаралды. Депутат Ардақ Назаров осы заң аясында қалада арақ сатуға да, ішуге де тыйым салуды ұсынды.
«Түркістанда арақ сатуға тыйым салсақ. Ләйліп көшеде жүруге тыйым салсақ. Өйткені Түркістанды білесіз, рухани астана деп отырмыз. Бүкіл қазақ осы жерден рух алуы керек, ол жерде бабаларымыз, әулие, батыр билеріміз жатыр. Ертең шетелден көп қонақ келеді. Сол кезде біздің азаматтарымыз арақ ішіп, алдынан шығатын болса, ұят қой. Заң аясында арақсыз қала, рухани қала деп араққа тыйым салуға бола ма?», — деді Ардақ Назаров.
Бұған дейін де қоғамда талай рет сын садағына ілінген Назаровтың сауалын қоғам келекеге айналдырды. Білдей Парламент қабырғасында елдің экономикасына, саясатына оң әсер ететін күрделі проблемаларды, елдің демократиялық дамуына мүмкіндік беретін заңдық нормаларды көтермей, тек діннің айналасында қалуын оқырман қауым үнемі сынап келеді.
«Діншілдер өздерінің бар екенін өзгенің есіне үнемі салып отыруы үшін керек тақырып – арақ тақырыбы! Басқа өңірлерге қарағанда арақтан «ада», бірақ билігі жемқорлық жағынан бірінші орында тұрған «Түркістан – жемқорлықтан арылсын!» деп ұрандатса бір жөн», — деп сынға алды Тортуыл Шоқан есімді белсенді.
Бүтін бір қалаға немесе ондағы жүздеген мың адамның ішімдік ішуіне тыйым салуды депутат тұрмақ, Президент те, тіптен бүкіл Үкімет те шеше алмайды. Кәсіпкерлердің құқығы шектеліп, көлеңкелі бизнес дамиды. Ал тоқтау салу ол халықтың еркіндігіне қол салу, шектеу. Осынау қарапайым ғана қағидаларды қаперге алмаған депутатты желі оқырмандары аяусыз сынап жатыр.
«Әркім өз деңгейінде сөйлейді. Мынау саяси өзгерістер туралы ұсыныс айтпайтыны айдан анық»,«Ішетін адам Түркістанда шәйнекпен ішеді. Ішпейтін адам дүкенді ішімдікке толтырып қойсаңда ішпейді», «Мұның миы шариғаттан аспайды, құрысын әрмен депутатың», «Басқа дін өкілдері, ішкісі келетіндер Тұркістанда тұрмау қажет деп ойлай ма?», «Бұғанда бірдеңе деп айту керек болғанда», «Депутаттың беделін түсірді», «Мұның сөзін тыңдап отырған қалған 97 депутаттың іштей мазақ қылып отырғанына күмәнім жоқ», — деген сынды тоқтаусыз сыни пікірлер жазылып жатыр.