Сурет: montsame.mn
Моңғолия президенті Ухнаагийн Хурэлсух Түркияға жасаған мемлекеттік сапары аясында Шыңғыс ханның немересі Құлағу хан салдырған жазғы сарайдың қираған үйінділерін көріп, моңғол-түрік археологиялық қазба жұмыстарының барысымен танысты. Бұл туралы 19 қаңтарда «Монцамэ» жазды, деп хабарлайды Тodayinfo ақпараттық порталы.
Тарихи деректерге сүйенсек, 1259 жылдың күзінде бұл өлкеден өтіп бара жатқан Құлағу хан жайлауы мен жер бедерінің қолайлы ерекшеліктерін ескере отырып, сарай салуға шешім қабылдаған. Құрылыс жұмыстары 1261 жылы басталып, 1265 жылы аяқталған.
Моңғолия мемлекеттік университеті мен Измирдегі Катип Челеби университетінің бірлескен жобасы болып саналатын түркологиялық зерттеулер институтының зерттеу тобы 2022 және 2023 жылдары Ван провинциясының Чалдыран ауданында археологиялық барлау және сынақ қазбаларын жүргізіп, жазғы сарайдың қирандыларын тапқан еді.
Зерттеу барысында тарихи дереккөздерде Аладаг немесе Алаг тауындағы қала деп аталған Елхан Құлағу жазғы сарайының жалпы ауданы 900х1200 шаршы метрді құрайтыны анықталды. Одан бөлек, қазба жұмыстары барысында боялған құмыралардың кесектері де табылды.
Моңғолия басшысы 760 жыл бұрын салынған жазғы сарайдың археологиялық орнына барып, Құлағу ханның тас мүсінімен танысты. Өз сөзінде ол ғылыми-зерттеу жұмыстарының маңыздылығына тоқталып, ауқымды қазбалар мен зерттеулерді жалғастыруды қолдайтынын жеткізді.