Түркістан қаласындағы «Түркістан Арена» стадионында балаларға арналған «Тең мүмкіндіктер» инклюзиялық спорт фестивалі өтті, — деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпараттық агенттігі.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы Әйелдер қанатының бастамасымен өткізілген фестивальге облыс әкімдігінің бірқатар басқармалары қолдау көрсетті. Фестивальдің ашылу салтанатында Түркістан облысы әкімнің орынбасары Ертай Алтаев сөз алып, белсенді өмір салтын ұстануға бекінген балақайларға берекелі жеңіс жолын тілеп, жарыстан үздік шығуларына тілектестіктерін жеткізді.
Аталған шараның мақсаты – ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар мен олардың дені сау құрдастары арасындағы достық байланыстарын нығайту, балалардың әлеуметтік белсенділігін, сенімі мен өзара сыйластықтарын арттыру болып табылады.
Фестивальдің Түркістан облысында өтетін кезеңінде Түркістан, Кентау қалалары мен Бәйдібек, Ордабасы, Сауран аудандарынан барлығы 10 команда қатысты. Жарысқа әр ауданнан кіші және аға санат бойынша екі командадан қатыстырылды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы марапатталды.
Айта кетейік, Түркістан қаласында мүгедектігі бар азаматтардың жалпы саны – 11 555 адамды құрайды. Түркістан облысы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, 6 527 мүгедектің жеке оңалту бағдарламасы түзілген. Қазіргі таңда мүгедектігі бар азаматтардың жеке оңалту бағдарламасының орындалуы 80,9 пайызды құрайды. Жалпы жыл басынан мүгедектігі бар азаматтардың жеке бағдарламасына сәйкес 6990 құралға өтініш білдіріп, 5648 қамтамасыз етілген. Оның ішінде, протез-ортопедиялық құралдарға 964 адам өтініші білдіріп, 851 қамтамасыз етілген, ал сурдо-техникалық құралдарға 110 адам өтініші білдіріп, 73 қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, тифло-техникалық құралдарға 229 адамның өтініші қабылданып, 205 қамтылды. Сондай-ақ, арнаулы жүріп-тұру құралдарына 347 адам өтініш білдіріп, 314 қамтамасыз етілсе, санаторлық-курорттық емдеумен қамтамасыз етуге 2193 адам өтініші білдіріп, 1341 қамтамасыз етілді. Жеке көмекшінің әлеуметтік қызметіне 278 адам өтініш білдіріп, 273 қамтылды. Ымдау тілі маманының қызметіне 142 адам өтініш білдіріп, 142 қамтамасыз етілді. Ал, міндетті гигиеналық құралдарға 2727 адам өтініш келіп түсіп, 2449 қамтамасыз етілген.
Арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамту туралы атап өтсек, Түркістан қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің Үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесінде әлеуметтік қызметкерлер саны – 31-ді құрайды. Оның ішінде 1 меңгеруші, 1 кеңесші, 31 әлеуметтік қызметкерлер бар. Үйде әлеуметтік көмек көрсету секторында жеке басты қарттарды күтушілер – 6, мүгедектігі бар балаларды күтушілер – 25. Әлеуметтік көмек көрсету бөлімінде 37 жалғыз басты қарт зейнеткерлер мен мүгедектігі бар азаматтар және 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалар 116 бала, ал 18 жастан асқан 8 мүгедектігі бар балалар есепте тұрады. Жалпы 161 адамға әлеуметтік қызметтер көрсетілді.