Ақтөбе облысында 9 сыныптың оқушысын 10 және 11 сыныптың ұлдары бір сағат жабылып тепкілеген. Қайтыс болған оқушыға 15 жасөспірім жабылған. Қатыгездікке толы оқиғаны марқұмның әпкесі айтып берді, деп хабарлайды Todayinfo.
«Менің інімді үлкен сыныптың оқушылары өлтірді. Екінші қыркүйекте Ақтөбе облысы Темір ауданы Қопа ауылында менің 14 жастағы інім, Нұржан Сыдықты 10 мен 11 сыныпта оқитын 15 оқушы бір сағат бойы аяусыз ұрып-соққан. Содан кейін оны қиналып жатқан күйінде тастап, өз жөндерімен кеткен. Інімнің құлағынан, мұрнынан тоқтаусыз қан аққан, олар маңызды мүшелерінен дәлдеп ұрған», — деп жазды марқұмның туысы.
Қайтыс болған баланың әпкесі інісін соққыға жыққандардың ішінде жалпы білім беретін Қопа орта мектебі мұғалімдерінің ұлдары бар екенін және олардың Темір ауданы Құқық қорғау органдарында таныстары бар екенін де айтты. Қайғылы қыздың сөзінше, Нұржан тірі болғанда келесі айда 15 жасқа толар еді. Қыршынынан қиылған жас бала болашақта Астанаға оқуға түсіп, математик болуды армандаған екен.