Атыраулық Жайық Иманбаев ағаларына қатысты қозғалған «жалған стоматологиялар» ісін әділетсіз деп санайды. Оның айтуынша, ағаларының клиникасы азаматтарға заңды түрде қызмет көрсеткен, ал БЖЗҚ қаражатын пайдалану тетігі толық бақылауда болғандықтан, алаяқтық туралы айыптаулар негізсіз, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі “Ақжайық” порталына сілтеме жасап.
Атырау тұрғыны Жайық Иманбаев өзінің ағалары Ғаббас Иманбаев пен Берік Абдулланы қаржы мониторингі агенттігі қозғаған қылмыстық іс аясында айыптап жатқанын мәлімдеді. Алайда Жайық Иманбаев бұл айыптаулармен келіспейді. Ол өз үндеуінде істің негізсіз екенін және заңдық тұрғыдан дәлелденбегенін айтты.
«БЖЗҚ халықтың маңдай терімен тапқан ақшасы. Біз ай сайын жалақымыздың 10%-ын аударып отырамыз. Мемлекет сол жинақтың бір бөлігін пайдалануға мүмкіндік берді, халық осы құқықты пайдаланды. Көпшілік бұл қаражатты ипотекасын, несиесін төлеуге немесе емделуге жұмсады. Мұны қалайша қылмыс деуге болады? БЖЗҚ қаражатын алу бірнеше кезеңнен өтеді, бәрі тексеріліп, тіркеледі. Бұл процесті «таныстықпен» айналып өту мүмкін емес. Сондықтан стоматологиялық клиниканы алаяқтық жасады деп айыптау ақылға қонбайды», – деді ол.
Ал тергеу мәліметінше, кейбір клиникалар зейнетақы жинақтарын қолма-қол ақшаға айналдыру үшін 10–15 пайыз көлемінде комиссия алып, жалған стоматологиялық қызметтер рәсімдеген. Дәл осы жайттар, агенттік нұсқасы бойынша қылмыстық істердің қозғалуына себеп болған. Жайық Иманбаев өз үндеуінде БЖЗҚ-ның шетелдік инвестициясына да тоқталды.
«БЖЗҚ 70 миллиард теңгені Әзірбайжанға аударғанда қаржы мониторингі агенттігі мен өзге мемлекеттік органдар қайда болды? Сол кезде ешкім іс қозғамады. Енді қарапайым дәрігерлер мен кәсіпкерлерді жасамаған қылмыс үшін жазалап жатыр», – деді Жайық Иманбаев.
2022 жылы бұқаралық ақпарат құралдарында БЖЗҚ-ның шамамен 70 миллиард теңгені Әзірбайжан халықаралық банкінің (IBA) облигацияларына орналастырғаны туралы хабар тараған еді. Бұл мәміле қор активтерін басқаратын Ұлттық банк арқылы жүзеге асқан.
Кейін кейбір сарапшылар мен депутаттар аталған инвестицияның сенімділігіне күмән келтіріп, IBA-ның бұрын да қарыздарын қайта құрылымдағанын еске салған. Ал БЖЗҚ мұндай инвестиция «активтерді әртараптандыру мақсатында және заң талаптарына сай жүргізілді» деп түсіндірген еді. Дегенмен қоғамда бұл шешім қызу пікірталас тудырып, көптеген азаматтар зейнетақы қаражатының шетелдік тәуекелді активтерге салынуына қарсы пікір білдірді.
Жайық Иманбаевтың айтуынша, оның ағалары көп жыл бойы халыққа адал қызмет етіп жүрген дәрігерлер. Қазір олардың бірі тергеу изоляторында, екіншісі іздеуде екен.
«Ағаларым ешкімді алдаған жоқ, ешкімге зиян келтірген емес. Олар өз істерін адал атқарып, адамдарға көмек көрсетіп келді. Заңды түрде берілген мүмкіндікті пайдаланғаны үшін жазалау әділетсіз. Егер мұндай істер жалғаса берсе, халықтың билікке деген сенімі жоғалады. Мемлекет өз азаматтарын қорғауы тиіс, бар нәрсені қылмыс деп іздемеуі керек», – деп қорытындылады күдіктілердің туысы Жайық Иманбаев.
Қазіргі таңда іс бойынша тергеу жалғасып жатыр.