Қытайда өткен Азия ойындарында Қазақстан құрамасы ел тарихында өте нашар ойын көрсетті. Белгілі журналист Серғали Балажан небәрі төрт алтын алған қазақ құрамасына төмен баға берді, деп хабарлайды Todayinfo.
Ол елдегі қысқы спорт түрлерін «провал» деп атады. Харбиндегі қысқы Азия ойындары Қазақстан үшін аяқталды. Ұлттық құрмадағы спортышлар 4 алтын медаль алды.
«Бұл Қазақстан тарихындағы ең төменгі көрсеткіш. Тағы да спорт саласында провал. Бірақ, бұл провалға Спорт министрі Ербол Мырзабосынов кінәлі емес. Мейлі ол пиарқұмар болсын, мейлі менеджер ретінде біліктілігі аз болсын, бірақ дәл осы провалға оның қатысы шамалы. Сондықтан, оны қазір отставкаға жібермейді», — деді журналист.
Қысқы спорт түрлерінің елімізде құлдырап кеткені бүгін емес. Бұл жақта да жүйе бірнеше жылдан бері іштей шіріп жатыр. Бір ғана мысал ретінде шаңғымен секіруге арналған трамплин оншақты жылдан бері қаңырап бос тұр.
«Коррупция мен сыбайластық жазғы спорт түрлерінен кем түспейді. Бір ғана мысал – Щучьеде Арыстанбек Мұхамедиұлы 38 млрд теңгеге салдыртып, кейін түкке керексіз болып қалған трамплин. Трамплинді салар кезде Ақмола облысының климатын ескермеген: өңірде қыс бойы дауылды жел тұрады, спортшылар мұнда жаттығу жасай алмайды. Жалпы, Антикор шындап тексерсе, осы 38 млрд үшін Арыстанбек Мұхамедиұлының түрмедегі мерзіміне тағы мерзім қосып берер еді.
Әлемдік жарыстарға іріктеуді жеңгендер емес, тамыр-таныстар баратынын да спортшылардың өздері жиі жазады.
Сондықтан, Мырзабосынов енді уақытының көп бөлігін тикток пен инстаграмға контент жасаумен емес, осындай проблемаларды шешуден бастаса екен деген тілек бар», — деп жазды Серғали Балажан.
Еске салайық, 2011 жылы Қазақстан құрамасы қысқы Азия ойындарында 32 алтын, 21 күміс, 17 қола медаль жеңіп алып, жалпы командалық есепте жарысты бірінші орынмен аяқтаған еді.