Қаңғыбас мысықты асырап алған жаңа иесіне айыпталушы әйел өтемақы төлейді. Үй жануарының ауыз қуысы мен көз қабығы, тыныс алу жолдары күйген.
Өткен жылдың соңында Павлодар қаласындағы көпақабатты үйлердің бірінде әйел адамның мысыққа сірке қышқылын шашып жатқаны жайлы бейнежазба әлеуметтік желіні шарлап кеткен еді. Полицейлер аталған оқиға бойынша тұрғынға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 316-бабы (Жануарларға қатыгездiкпен қарау) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізгенін хабарлаған.
Павлодар қаласының №2 соты аталған істі қарай келіп, айыпталушының 2 баласы барын және өзінің кінәсін мойындағаны себепті, оған жеңіл жаза тағайындады. Әйел 25 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейтін болды. Сондай-ақ мысықтың жаңа иесіне 17 мың теңге көлемінде өтемақы төлейді.