Оrda.kz тілішісі олигархтардың активтерін қайтару мәселесін саралап көрді. Мақаламызда бұл іспен кім және қалай айналысып жатыр, ақшалар мен басқа да дүние-мүлік қайда сақталады және олардың жалпы сомасы қанша екені жайлы ақпарат береміз.
«Жалғанды жалпағынан басамыз» деген алпауыттардың заңсыз жолмен иемденген мүліктерін қайтару жолы тым күрделі-ақ. Orda.kz сайтына сарапшы осы тәсілдерді қайта қарау жайлы сөз қозғады.
Активтерді кім және қалай қалай қайтарады?
Активтерді қайтарумен екі құрылым айналысады.
Біріншісі – Қазақстан Бас прокуратурасының активтерді қайтару комитеті. Бұл комитетті 44 жастағы аға әділет кеңесшісі Нұрдәулет Сүйіндіков басқарады. Ол прокуратура органдарында 2000 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Активтерді қайтару комитетіне дейін ол Бас прокуратурада Халықаралық-құқықтық ынтымақтастық қызметінің басшысы болды.
Фото: Нұрдәулет Сүйіндіков, ОКҚ
Orda.kz мәліметіне зер салсақ, Нұрдәулет Сүйіндіковтің қол астында 50 қызметкер бар. Олардың негізгі міндеті — активтерді іздеу, тексеру және олардың қалай пайда болғанын талдау. Былайша айтқанда, дәл осы мамандар байлықтың заңсыз жолмен алынғанын анықтап, нақты дәлелдерді олигархтарға ұсынады. Егер олигархтар бұл дәлелдерді мойындамаса, сотқа жүгінеді.
Екінші құрылым — Мемлекетке заңсыз иемденілген активтерді қайтару мәселелері жөніндегі комиссия. Оның төрағасы — премьер-министр Олжас Бектенов. Бұған дейін ол ең кемі сегіз жыл бойы Антикорда қызмет атқарған. Комиссияның құрамында үкіметтік шенеуніктер, құқық қорғау органдарының өкілдері, депутаттар және қоғам белсенділері бар. Мысалы, олардың арасында «Қазақстанның Азаматтық Альянсы» ұйымының президенті Бану Нұрғазиева және Мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хабтың басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов бар.
Алихан Байменов және Бану Нургазиева комиссия отырысында. Фото: primeminister.kz
Бұл адамдардың бәрі Бектеновке тікелей бағынбайды. Бас прокуратура жанындағы комитет істерді үкімет жанындағы комиссияға тапсырады, ал оның мүшелері активтерді қайтару және оны қайтару тәсілі туралы соңғы шешімді бірлесіп қабылдайды.
Екі тәсіл бар:
1. Ерікті түрде қайтару – бұл жағдайда олигархпен келісімшарт жасалады.
2. Мәжбүрлеп қайтартқызу – бұл жағдайда іс сотқа, соның ішінде шетелдік сотқа жіберіледі.
Қайтару алгоритмі күрделі. Сонымен қатар мұнда үлкен мемлекеттік құпия да бар. Бұл – арнайы реестр. Оны Бас прокуратура жанындағы комитет жүргізеді. Ал оны үкімет жанындағы комиссия бекітеді. Реестрге күмәнді жолмен алынған активтердің иелері туралы ақпарат енгізіледі.
Жай сөзбен айтқанда, бұл — олигархтар мен олардың «аспаннан түскен» байлықтарының (яғни, конфискацияға жататын активтердің) есебі. Бұдан құтылу үшін олар өз мүліктерінің заңды түрде алынғанын дәлелдеуі қажет. Бірақ бұл адамдардың аты-жөндері мен олардың активтерінің атауларын қазақстандықтар ешқашан біле алмайды. Бұл мәліметтерді заң бойынша жариялауға болмайды.
Orda.kz үкімет комиссиясының мүшелері бұл деректерді жарияламау туралы құжатқа қол қойғанын анықтады.
АНЫҚТАМА («Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңнан үзінді) Реестрге субъектілер мен (немесе) олардың аффилиирленген тұлғалары, сондай-ақ субъектілер мен (немесе) олардың аффилиирленген тұлғаларының мұрагерлері мен құқықтық мирасқорлары туралы мәліметтер енгізіледі. Бұған олардың иелігінде, меншігінде немесе бақылауында болған (немесе болуы мүмкін деп есептелетін) активтер кіреді, олардың алыну (шығу) көздерінің заңдылығын растау талап етіледі. Реестрге тұлғаларды енгізу, активтерді ашу туралы декларацияларды беру, сондай-ақ шығу тегі күмәнді активтер деп танылған активтерді мемлекет меншігіне алу нормалары, жалпы көлемі он үш миллион еселенген айлық есептік көрсеткішке тең немесе одан асатын (51 млрд 116 млн теңге. — Авт. ескерту) активтері бар тұлғаларға (олардың мұрагерлері мен құқықтық мирасқорларын қоса) қолданылады. Активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті орган мен комиссия мүшелері алынған мәліметтердің сақталуын және құпиялылығын қамтамасыз етуге міндетті.
Олигархтардың байлығын кім сақтайды?
Қазақстанның Қаржы министрлігі ақшаны сақтайды. Ол үшін 2023 жылдың қазан айында Арнаулы мемлекеттік қор — бақылау шотын ашты. Orda.kz-тің анықтауынша, мемлекет ақшаға басымдық береді, және олигархтар ерікті келісім немесе сот шешімі бойынша оларды тікелей осы арнайы қордың шотына аударады. Бұл қаражат әлеуметтік жобаларға жұмсалады.
«Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» барлық басқа байлықтарды сақтайды. Олигархтар олардан ерікті немесе мәжбүрлі түрде бас тартқан дүниелердің қатарында: элиталық қазақстандық және шетелдік жылжымайтын мүлік, автомобильдер, зергерлік бұйымдар, антиквариат және басқа да сән-салтанат заттары бар. Бұл коммерциялық ұйым 2023 жылдың 9 қазанында активтерді сақтау, басқару және сату мақсатында жұмысын бастады.
Былайша айтқанда, бұл компания олигархтардың байлықтарының жаңа иесі болып, оларды сатып, алынған ақшаны арнайы қордың шотына аударады. Оның жалғыз құрылтайшысы — мемлекет, нақтырақ айтқанда, Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті.
Инфографика: Orda.kz
Дегенмен, біз бұл компания туралы тағы да қазбалауды жөн көрдік. Компанияны басқарып отырған адам — Қуанышбек Мұқаш. Ол 2024 жылдың 14 маусымынан бастап компанияның бас директоры болды. Мұқаш активтерді қайтару ісіне аяқ-асты келе салған жай адам емес. Әрине, оның досьесінде прокуратурада қызмет еткені жайлы ақпарат бар. Ол алдымен Қарағанды облысында, кейін Астана қаласында, ал кейінірек Қазақстанның бас прокуратурасында қызмет атқарған.
Қуанышбек Мұқаш, Фото: atameken.kz
Мұқаштың үш орынбасары мен кеңесшісі бар, ал компанияда төрт департамент жұмыс істейді. Олар: активтерді қабылдау және пайдалану; экономика және қаржы; ұйымдық бақылау, кадрлық және құқықтық қамтамасыз ету; активтерді сату. Біз бұл компанияда қызметкерлер өте көп деп топшылаймыз.
Сайтта жарияланған қаржылық есептен көрініп тұрғандай, компания 2023 жылды 3,5 миллион теңгеден астам шығынмен аяқтаған.
Дегенмен, сол есепті дайындау мен бекіту кезеңінде (бұл 2024 жылдың алты айын алды) ұйым 36 миллиард теңгенің активтерін қабылдады. Ал табыстары бойынша, көрініп тұрғандай, ол жоғалтқан уақытты тез арада «толтырған». 2024 жылы 470,8 миллион теңге салықтар мен міндетті төлемдер төлеген.
Ал өткен сәрсенбі, 22 қаңтарда компания 2025 жылдың есебінен ақша табуға тырысты. Ол онлайн-аукцион арқылы 19 лоттан тұратын зергерлік бұйымдарды сатуға шығарды. Ең төменгі бастапқы баға 151,5 мың теңге болды, бұл Қазақстандық коллекциялық монеталар «Бата», «Беташар» және «Сүйіндір» үшін белгіленген баға.
Коллаж: Orda.kz
Ең қымбат баға «Ulysse Nardin Classic» сағаттарына қойылды. Бұл сағаттар санаулы ғана, нақтырақ айтсақ 30 данадан ғана шыққан. Бірақ корпусында сызаттар мен белдігінде айтарлықтай сызаттар мен бүлінген жерлері бар. Осы кемшіліктеріне қарамастан, олардың бастапқы бағасы 214,5 миллион теңге болды.
Коллаж: Orda.kz
Дегенмен, сағаттарды да, монеталарды да, басқа 17 лот та сатып алушы таппады. Аукцион өтпеді, себебі бірде-бір қатысушы тіркелмеген болып шықты.
Қайтарылған активтердің көлемі үлкен деген пікірді, міне, солайша билік өкілдері қоғам санасына салғысы келеді. Мысалы, 2023 жылдың 23 қарашасында премьер-министр Әлихан Смайылов:
«Қазіргі таңда жалпы сомасы 1 трлн теңгеден астам активтер қайтарылды. Оның шамамен 600 миллиард долларын шетелден қайтардық», — деп мәлімдеген.
Әлихан Смайылов. Фото: gov.kz / Сауда және интеграция министрлігі.
2024 жылдың 26 қаңтарында әлі премьер-министр болып қызмет атқарған Әлихан Смайылов елге екі жыл ішінде жалпы сомасы 1 трлн теңге болатын активтер қайтарылғанын мәлімдеді. Ал үкіметтің ресми сайты былай деп жазған:
«220 трлн теңге сомасындағы банктік транзакциялар қаралып жатыр, оның ішінде 1,4 трлн теңгенің күмәнді операциялары да бар».
2024 жылдың 17 қазанында премьер-министр Олжас Бектенов президентке 2024 жылдың басынан бастап активтерді қайтару комиссиясы 450 млрд теңге көлеміндегі келісімдерді мақұлдағанын хабарлады.
«Қазіргі уақытта мемлекет кірісіне 265 млрд теңге активтері қайтарылды, оның ішінде 177 млрд теңге — ақшалай түрде қайтты», — деп мәлімдеді Ақорда.
Ал үш аптадан кейін, 8 қарашада үкіметтің ресми сайты мемлекет кірісіне қосымша 525 млрд теңге активтер қайтарылғанын хабарлады.
2024 жылдың басынан бері активтерді қайтару бойынша келісімдер жалпы сомасы 900 млрд теңгеден астам соманы құрайтынын айтқан болатын Олжас Бектенов. Ал нақты ақшалар мен активтердің мөлшері туралы сұранысқа жауап берген екі мемлекеттік органның мәліметтері сәл айырмашылық көрсетті. Бірақ бұл жолы айырмашылық аз болғандықтан, оны мүмкін болатын қателік деп есептеуге болады, сондықтан Қаржы министрлігінің Арнаулы мемлекеттік қорында 215 млрд теңгеден 230 млрд теңгеге дейін қаражат бар екені айтылды.
«2024 жыл ішінде Специальды мемлекеттік қорға тікелей есептелген ақша қаражаты 215,6 млрд теңгені құрады. Ал алғаш рет төлем 2024 жылдың 12 сәуірінде түсті. Барлығы СГФ-тен 102,8 млрд теңге жұмсалды», — деп хабарлады Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті.
Сонымен қатар, 2024 жылы Арнаулы мемлекеттік қор қаражаты есебінен бірнеше әлеуметтік жобалар, оның ішінде спорт кешендері, балалар музыка мектептері және медициналық мекемелердің құрылысына 94,3 млрд теңге жұмсалғаны айтылды.
«Арнаулы мемлекеттік қорға шамамен 230 млрд теңге ақша қаражаты аударылды, ал 87 млрд теңгеден астам активтер «Қайтарылған активтерді басқару компаниясының» балансына берілді», — деп жауап берді Бас прокуратураның Активтерді қайтару комиссиясы.
Айта кетейік, «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» жыл сайын Жоғары аудиторлық палатаның тексеруінен өтеді, алайда Қаржы министрлігі осы ұйымға қатысты әзірше аудит жүргізілмегенін атап өтті.
«Активтер қайтарылады»
Мәжіліс депутаты Марат Башимов. Ол Үкімет жанындағы активтерді қайтару комиссиясының мүшесі. Біз оны комиссияның қалай жұмыс істейтіндігі туралы айтып беруге сұрадық және (ең маңызды) қысқаша қорытынды дайындадық.
Марат Башимов, Фото: primeminister.kz
Активтерді қайтару туралы заң
— Цивилизацияланған әлемде коррупция кеңірек етек жаяды. Банкалар, сақтандыру компаниялары, барлық азаматтық сала — бәрі де коррупцияның аясында. Онда заңсыз байығаны үшін азаматтық-құқықтық жауапкершілік туралы конвенция қолданылады. Біз осы конвенцияны өз заңымызды әзірлеуде негіз ретінде алдық. Ақшаның шығу тегін дәлелдей алмасаң, бәрі — ол мемлекетке қайтарылып алынады. Бұл қарапайым және маңызды принцип. Ешкім қылмыстық істі қуаламайды, себебі уақыты өтіп кеткен, бірақ активтер қайтарылады.
Реестрді құпияландыру туралы
— Реестр құпия жасалды, себебі бір қарапайым себеп бар. Көптеген олигархтар — кіші кәсіпкерлер емес, олардың ірі компаниялары, акциялары және тағы басқа мүліктері бар. Активтің аты аталған сәтте шетелдік инвестор оны есепшоттарынан шығарып тастайды, және бәрі тез арада құнсызданып кетуі мүмкін. Бұл объективті себеп, дәлел. Біз (депутаттар. — Ескертпе авт.) осыған келісдік.
Реестрде кімдер бар
— Онда билікке жақын болған, ең жақын адамдардың фамилиялары бар. Оларға ұнай ма, ұнамай ма — бірақ олар сонда көрсетілген.
Бас прокуратура жанындағы комитет туралы
— Егер активтер бәсекеге қабілетсіз жолмен алынған болса, арнайы жағдайлар жасалып, мысалы, банкрот болып, арзан бағаға сатып алынған болса, активтерді қайтару комитеті мұны тез арада дәлелдей алады. Оған өткен жылдардың құжаттарын табу қиынға соқпайды. Прокуратураның күшімен әрекет етеді. Дәл осы себепті комиссия премьер-министрдің жанында құрылған — оған барлық атқарушы билік құрылымдары бағынады. Жұмыс істеу жылдам әрі жеңіл болады.
Активтерді ерікті қайтару туралы
— Олар (олигархтар. — Ескертпе авт.) бұған келіседі. Себебі бас прокуратурамен таласудың қажеті жоқ екенін іштері біледі. Әрине, ешкім өз еркімен активтерін бере салмайды. Әр олиархтың қасында заңгерлер бар. Бірақ прокуратураның қолында құжаттар бар. Әңгіме қысқа-нұсқа болады: «міне, 20 жыл бұрынғы келісімшарт: активтің нарықтық құны осындай болды, ал сен оны бірнеше тиынға сатып алдың».
Арнайы қордың есепшоты туралы
— Ар арнайы қор негізінен бар назарды әлеуметтік маңызды мақсаттарға беріледі: мектептер, ауруханалар, спорттық нысандар салу. Ол жерден ақшаны жайдан жай ала алмайсың.
Ақша ұрлану қауіпі
— Олар ондайға бармайды. Бұл саланы құзырлы органдар бақылап отыр. Мемлекет басшысының, арнайы қызметтердің, құқық қорғау органдарының бақылауында. Егер жемқорлардың қолы тиген сәтте-ақ «кесіп тастайды». Қарарлар қабылданады. Бұл — олар көксейтін ақша емес.
«Біз бәрін қорқытып жатырмыз»
Қаржы аналитигі Расул Рысмамбетов ұрлық қауіпін байқамағанын айтады. Алайда ол активтерді қайтару процесінің ауқымына күмәнмен қарайды.
— 2022 жылы бұл жақсы және уақытында көтерілген бастама болды. Қаңтар оқиғасынан кейін халық әділеттілікті талап еткенде, сол кезде бәрін тез шешіп, мәселені жабу керек еді. Егер дер кезінде әрекет етпесең, жылпостарды уысыңнан шығарып аласың. Егер 2022 жылы бәрін қайтармаған болсаңыз немесе кем дегенде көрсетпеген болсаңыз, қазір бұл өте қиын процесс. Сол уақытта қылмыстар күн сайын жасалып жатты. Бүкіл жерде қарапайым жемқорлар, қаржылық алаяқтар бар, олар тыныш тұрмайды. Ал қазір құқық қорғаушылардың қолында күш, адам ресурсы жетіспейді, ал мұнда әлі де активтерді қайтару жұмыстары бар, бұл тіс ауыруы сияқты үнемі сырқырап тұратын іс, — деді сарапшы Orda.kz-ке.
Ол активтерді қайтару процесін реформалауды қажет деп санайды.
— «Қарастыратын тәсілдерді қайта қарау керек және ең алдымен, активтерді қайтару жайлы жарияға жар сала бермеу керек. Өйткені қазір біз бәрін қорқытып жатырмыз. Бұл кез келген нәрсе болуы мүмкін. Әрине, екінші «Қазақстан халқына» деуге келмейді, өйткені сыртқы бюджеттен тыс қорлар да соншалықты көсегесі көгеріп тұрғаны шамалы. Бірақ активтерді қайтару концепциясынан бас тарту керек. Адамдар қорықпай, өз еркімен ақша әкелетіндей жасау керек. Оларды қаржы министрлігінің жеке шотына аудару керек. Анық және түсінікті процедура қажет. Өйткені қазірде активтерді басқару бар (Қайтарылған. — Ескертпе авт.) және тағы басқа. Бірақ егер активтерді кәсіби емес адамдар басқарса, тіпті осыған жеке бір генерал араласса да, сол активтің құны төмендейді», — деп түйіндеді Рысмамбетов.
Orda.kz активтерді қайтару жұмыстарының барысын бақылауды және осы механизмнің Қазақстанда қаншалықты тиімді жұмыс істейтінін талдауды жалғастырады.