Әнші Нұрлан Еспановтың ұлы, танымал блогер Олжас Еспанов журналист Анна Данченкоға берген сұхбатында көліктерге деген ерекше қызығушылығы мен кәсіпкерлік жолы жайлы ашық айтты,деп хабарлайды Todayinfo
«Бір алған көлігімді көп уақыт мінемін деп ойлаймын. Бірақ басқа жақсы көліктер шыққан сайын, мініп жүргенімді сатып, жаңасын аламын. Кейде айырбастай саламын, үстінен ақша қосып жаңасын алуға тырысамын. Жалпы, көлікті қатты жақсы көремін. Бір жылда жеті көлік ауыстырған кезім болды. Кейде көліктерім ұнамай қалып жатады», – дейді Олжас.
Сұхбат барысында Олжас Еспанов өз кәсібі жайлы да бөлісті. Бүгінде ол қазақтың ұлттық сусыны – қымызды жеке кәсіпке айналдырып отырғанын айтты.
«Қымызды өзім сатып алып, өзім сатып жүрмін. Алматы мен Алматы облысына таратамыз. Жақсы табыс түсіп жатыр. Айына бір тонна қымыз өткіземін десем, өтірік айтпаймын. Қазір команда жағын реттеп жатырмын. Осы кәсіптің арқасында жақындарыма түгел сыйлық жасадым. Оны көрген боларсыздар, әлеуметтік желіге таралып кетті. Әке-шешем мен бауырларымнан бөлек, әкемнің інілеріне де сыйлық жасадым», – деді ол.
Олжас Еспановтың айтуынша, ұлттық тағамға негізделген бизнесі оған жақындарына қуаныш сыйлауға мүмкіндік беріп отыр. Ол отбасына ерекше мән беретінін, табысын ең алдымен ата-анасы мен туыстарына бөлісуді мақсат тұтатынын атап өтті.