Барымташыл, билікшілдігімен елге танылған Нығматулиндер тағы бір кәсіпкердің бизнесін тартып алғаны белгілі болды. Билікті ұзақ жыл толықтай қолдарында ұстаған ескі Қазақстанның кландарынан көрген қорлығы жайлы Қанат Амиркин есімді кәсіпкер жазды, деп хабарлайды Todayinfo.
Елден кетуге мәжбүр болған кәсіпкер әлі соттасып келеді. Айтуынша, кәсібінен айырылса да, ол салықтан босамаған. Кәсіпкердің жол салатын құрылыс компаниясы болған.
«Бүгін мен апелляциялық сотта жеңіліп, жеке тұлға ретінде 239 миллион теңге салық, сонымен қатар 7 миллион теңге көлемінде мемлекеттік баж төлеуге міндеттелдім. Бұл жағдай менен тартып алынған ЖШС үшін қосалқы жауапкершілік аясында орын алып отыр. Осыған байланысты мен Біріккен Араб Әмірліктерінде (БАӘ) неліктен ұзақ уақыт тұрғанымды және Жаңа Қазақстан келген кезде ғана елге оралғанымды айтып беруді жөн көрдім», — дейді кәсіпкер.
Ол көпшілікке кәсібін Нығматулиндердің тартып алғанын айтты. Айтуынша, компаниясын Нығматулиннің үлкен ұлы алып қойған.
«Нығматулиндер отбасын білетін боларсыздар. Осы отбасының үлкен ұлы менен ірі, көп миллиондық келісімшарты бар жол құрылысы компаниясын тартып алды. Ол мені өздерінің Qazaq Banki-нен несие рәсімдеуге мәжбүрледі. Кейін бұл банк банкротқа ұшырап, менің ақшамды, сондай-ақ кепілде тұрған мүлкімді, соның ішінде ӘААЖ-дағы автосалонға арналған жер телімімді де алып кетті. Бұған қоса, мені банктік кепілдікпен де алдап кетті», — деп жазды Қанат Амиркин.
Кәсіпкер қарсы шыға алмаған.
«Ол кезде олар кәсіпкерлерді түрмеге жабудан тайынбайтын. «Живи-Алиби» оқиғасын бәріңіз естіген боларсыздар. Маған да осындай жағдайдан қашуға тура келді, әсіресе отбасыма үнемі қоқан-лоққы жасалып тұрғандықтан. Бір оқиға есімде: менің компаниям несие рәсімдегеннен кейін, Нығматулиндердің үлкен ұлы барлық несие сомасын қолма-қол ақшамен беруді талап етті. Мен банкте қолма-қол ақшаның таусылғанын және оған бұған дейін 1 миллион долларға жуық қолма-қол ақша бергенімді түсіндіргенімде, ол, шамасы, есірткінің әсерінен болса керек, ақшаны өзінің жеке картасына аударуды талап етті. Мен оның айтқанын істеп, бірнеше траншпен ақша аудардым. Осындай транзакциялардың бірінің скриншотын оқиғаны ойдан шығармағанымды дәлелдеу үшін осы жазбаға тіркеп отырмын», — деді кәсіпкер.
Кәсіпкер Қазақстаннан кетуге мәжбүр болған. Алайда билік ауысқанда ол Нығматулиндермен шетелде кездескен.
«Мен бұл жағдайды баяғыда ұмытып, оларды кешірдім. Бірақ кейінірек, олардың өздері қашқын атанған кезде, ол Дубайда маған келіп, «бітімге келуді» сұрады. Кездесуде мен оған тек қолма-қол ақша және көлік түрінде 7-8 миллион долларға жуық сома алғанын есіне салдым. Ол болса, бұл ақшаның жартысы ғана өзіне жеткенін, қалғанын оның көмекшілері алып қойғанын айтты. Нығматулин (паспорт бойынша Нұрланов) тартып алған компанияның мүлкі үшін салық органдары менен олардың менің елден кетуге мәжбүр болған кезімде пайда болған салық қарызын өндіріп алуды шешкенде, мен оған қоңырау шалдым. Бұл шектен шыққандық екенін айтып, олар бәрін тартып алғандықтан, салықты өздері төлеуді ұсындым. Оның жауабы қысқа болды: «Маған бәрібір, мен енді Қазақстан азаматы емеспін», — деп жауап алғанын жазды Қанат Амиркин.
Кәсіпкер олардың қатыгездігі мен жауапсыздығына таңғалғанын айтады.
«Олар қалай ғана билік басында болған? Мен 2017 жылдан бері олар туралы үндемедім, өйткені басында Қазақстанда тұратын отбасым үшін қорықтым. Аңду және рейдерліктің басқа да белгілері болды. Жаңа Қазақстан орнап, олар өз күштерін жоғалтқаннан кейін, мен елге оралдым, өз жобаммен айналысып, бәрін басынан бастауға тырыстым және «бұл істі қозғамауға» тырыстым, бірақ бүгін мені апелляциялық сот таңғалдырды, олар мені бір рет те тыңдамастан, маған салық салды. Мен салықты төлейтін шығармын, бірақ кейін менің салықтарым мардымсыз деп айтпаңыздар», — деді кәсіпкер.