Фото: qamshy.kz
Қоғам қайраткері әрі саяси белсенді Арқын Күрентаев журналистерге берген пікірінде Әлімжан Матаевтың Президентке жолдаған үндеуін қолдап, Нығматуллиндер кланының бүгінгі күнге дейін ықпалды болып отырғанын айтты, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Күрентаевтың айтуынша, елде «ескі» және «Жаңа Қазақстан» деп бөліну бар болғанымен, шын мәнінде, бұл — ескі жүйенің қарсылығы.
«Нығматуллиндер әулетінің қолында әлі де зор қаржылық және әкімшілік ресурс бар. Ал қазіргі биліктің негізгі арқауы — тек әкімшілік ресурс. Халықаралық сарапшылардың есебінше, Қазақстанда төңкеріс жасау үшін 100 млн доллар жеткілікті. Ол қаржы Нығматуллиндерде бар», — дейді ол.
Белсенді кландардың ықпалы прокуратурадан бастап төменгі буындағы шенеуніктерге дейін сақталғанын айтады. Оның сөзінше, кезінде Нұрлан Нығматуллин жоғары лауазымдарда отырып, өз адамдарын барлық салаларға орналастырып кеткен.
«Бүгінде олардың зауыттарының бюджеттен қаржы алып отыруы — ықпалдың әлі де жойылмағанының айқын дәлелі», — деді Күрентаев.
Сонымен бірге ол жуырда Bloomberg-та жарияланған ақпаратқа назар аудартты: «Қазақстрой» компаниясының иесі Нұрлан Артықбаев пен Шахмурат Муталибтің Назарбаев кланына тиесілі зауыттарды сатып алуы — елде өзгерістердің басталғанының маңызды сигналы екенін атап өтті.
Арқын Күрентаевтың сөзінше, Президенттің «факт болса — қамаңдар» деген ашық мәлімдемесіне қарамастан, құқық қорғау органдарының қолында дәлелдер жеткіліксіз болғандықтан, нақты қадамдар баяу жүріп жатыр.
«Дегенмен бұл бағыттағы жұмыс тоқтаған жоқ. Бір-екі жыл ішінде нақты өзгерістерді көруіміз әбден мүмкін», — дейді ол.
Сондай-ақ Қайтарылған активтер жөніндегі комитеттің «Инвесторларды қорғау комитеті» болып қайта аталуын да Күрентаев билік пен бизнес арасындағы келісімге шақырудың белгісі ретінде бағалайды.
«Мемлекет: “ақшаңды елге қайтар, осында жұмыс істе” деген шарт қойып отыр. Бұл – “ескі” және “Жаңа Қазақстанның” татуласуы үшін жасалған қадам», — деп түсіндірді ол.
Күрентаевтың пікірінше, Қазақстанда кадрлық тапшылық жоқ, мәселе — жүйенің өзінде.
«Тек адамдарды ауыстырумен ештеңе өзгермейді. Жүйені түбегейлі өзгерту бір сәтте болмайды — ол революция. Ал революциялық өзгеріс елдің өмір сүру деңгейін күрт төмендетеді. Сондықтан Президент эволюциялық жолды таңдады: біртіндеп, сақтықпен», — деді қоғам қайраткері.
Оның айтуынша, мемлекеттік органдарда да, құқық қорғау және сот жүйесінде де білікті мамандар бар. Бірақ жүйе өзгермей, нәтиже болмайды.

