Фото:turkistan.kz
Танымал әнші әрі композитор Өктем Алтаевтың бала күнгі арманы – виолончельші болу еді. Алайда ол бұл арманға жете алмай, тағдырдың басқа жолына түскен. Ал бүгінде оның ұлы, талантты виолончельші Бағжан Октябрь сол арманды жалғастырып келеді,деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігі.
Өктем Алтаев «Таңшолпан» бағдарламасына берген сұхбатында жүрек түбіндегі сырын ашық айтты:
«Құдай бір жағынан алса, екінші жағынан қайтарады екен. Бағжанның орнында қазір мен жүруім керек еді. Бірақ бала арманымның орындалуына мүмкіндік болмады. Әлеуметтік жағдай да, қолдау да болмады. Қазір Құдай бәрін орнына келтіріп жатқандай», – дейді ол.
1984 жылы Шымкенттегі музыкалық училищеге түсуге талпынған жас Өктемге бір ұстазы: «Сенің саусақтарың жалпақ екен, сенен жақсы виолончельші шығады», – деп үміт білдірген. Алайда қосымша емтихандардан өте алмай, оқу ордасына қабылданбаған.
Жылдар өте келе, Алтаев ұлын музыкаға жетелегенде, көп ата-ана секілді гитара не фортепиано емес, бірден виолончельге бағыттамақ болған. Бірақ бұл шешімді өзі емес, кәсіби мамандар қабылдаған:
«Баламның саусақтарын көріп, мамандар ‘сенен виолончельші шығады’ деп өздері алып кетті. Виолончель мені емес, баламды таңдады», – дейді әнші.
Өктем Алтаевтың бұл сөздері тек музыкалық тағдыр емес, ұрпақ жалғастығы мен орындалмаған армандардың өмірдің басқа қырларында қайта тірілуі жайлы ой салады.