Фото: видео скриншот
Құлсарыда түйе аулада жүрген баланы таптап кетті. Жергілікті тұрғындар жануардың адамдарға қауіп төндіріп, аулада қараусыз жүргеніне ашуланды, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Әлеуметтік желіде тараған видеодан жануар баланы қағып, құлатып, үстінен таптап таптап жатқанын көруге болады. Болған жағдайды көрген көлік жүргізушісі түйенің жанына келіп, оны үркітпейтінше жануар орнынан қозғалмады.
Желіде баланың аутизм диагнозы бар деген ақпарат тарады. Алайда Жылыой ауданы әкімдігінің мәліметінше,б алаға “аутизм” диагнозы қойылмаған. Дегенмен ол емханада невропатологтың есебінде тұр.
Қазір зардап шеккен бала аудандық орталық аурухананың травматология және ортопедия бөлімінде ем қабылдап жатыр. Облыстық ауруханаға жолдауға көрсеткіш болмаған. Дәрігерлер баланың жағдайын тұрақты деп бағалап отыр.
Аудандық қызметтердің мәліметінше, көше кезіп жүрген жануар ұсталған, алайда оның иесі әзірге анықталған жоқ.
Кұлсары тұрғындары бұл жағдайға наразылық білдірді. Олардың айтуынша, соңғы уақытта қала көшелерінде түйелер емін-еркін, қараусыз жүреді. Бұл ата-аналарды да алаңдатып отыр, олар балаларын көшеге шығарудан қорқады.
“Бұлай болмайды. Жануарлар аулаларда еркін жүреді, енді міне, бала өлім аузынан қалды. Қашан тәртіп орнатады?” — деп жазды желі қолданушылары жазба астында.

