Өндірістік шу – бұл өндірістік қызмет барысында пайда болатын және адам ағзасына теріс әсер ететін дыбыстардың жиынтығы.
Өндірістегі шу деңгейінің жоғарылауы еңбек өнімділігі мен жұмысшылардың денсаулығына кері әсер етеді. Есту қабілетінің бұзылуы, жиі бас айналуы, зейіні мен есте сақтау қабілетінің нашарлауы, гипертония дамуы мүмкін. Ауыр жағдайларда жүрек-қан тамырлары мен ас қорыту жүйесінің ауыр бұзылыстары пайда болып, психикалық бұзылулар дамиды.
Жұмыс орындарындағы шудың параметрлері мен шекті рұқсат етілген деңгейлерін регламенттейтін негізгі құжат – «Адамға әсер ететін физикалық факторларға гигиеналық нормативтерді бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 16 ақпандағы № ҚР ДСМ-15 бұйрығы.
«Жұмысшыларға шудың жағымсыз әсерінің алдын алу үшін жұмыс берушілерге: шудың пайда болу себептерін жою немесе оны негізгі көзінде азайту, тарату жолдарындағы шуды азайту, жұмысшыны немесе жұмысшылар тобын шудың әсерінен тікелей қорғау, есту мүшелеріне жеке қорғану құралдарын пайдалану, аудиометрия жүргізе отырып, отоларингологта, сонымен қатар невропатологта, офтальмологта жылына бір рет міндетті тексерумен алдын ала және мерзімді медициналық тексерулер жүргізу, өндірісте шу деңгейі төмен заманауи жабдықты пайдалану, қашықтан басқару және автоматты бақылау жүйелерін қолдану, дыбыс өткізбейтін қоршауларды, технологиялық процесті басқару кабиналарын қолдану, үй-жайларды шуды сіңіретін материалдармен безендіру, еңбек және демалыс режимін ұйымдастыру, өндірістік бақылауды уақтылы жүргізуге кеңес берер едім», — деп атап өтті Жетісу облысы СЭБД басшысының орынбасары Самат Ахметов.
Шудың әсерімен бірге жұмысқа қабылдауға қарсы көрсетілімдер:
- кез келген этиологиядағы тұрақты есту қабілетінің төмендеуі (кем дегенде бір құлаққа) ;
- отосклероз және басқа да болжамы нашар созылмалы құлақ аурулары;
- кез-келген этиологиядағы вестибулярлық аппараты функциясының бұзылуы.
Дененің шуға жеке сезімталдығының маңыздылығын ескере отырып, шу жағдайында бірінші жылдағы жұмысшыларды диспансерлік бақылау өте маңызды.