Қазақстандық әнші Мейрамбек Бесбаев қазір соты өтіп жатқан Астана қаласының бұрынғы мәдениет басқармасының басшысы Болат Мажағұловқа қатысты пікірін айтты, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
«Болат бауырымның басына бұлт үйірілгелі біраз болды. Кімнің жолын кесіп, кімнің алдынан көлденең өттің екен? Жібі түзу дәлелі болмаса да, сені әлі сүйреп жүр. Мен білікті басшы, өз ісінің маманы кім десе, сені көрсететін едім. Себебі, сен өнер мен мәдениеттің қарыштап дамуына қомақты үлес қостың», — дейді әнші.
Ол бұл күндер де өтетінін айтып, досына демеу көрсеткен.
«Жалаң аяқ жар кешіп, қызыл аяқ қыр кешіп жүріп еңбек еттің. Бұл күндер де өтер. Бөке, бір кездері қолтығынан демеп, қасынан табылған өнер адамдары сенімен бірге. Біз бұл істің әділ шешім табатынына сенеміз. Қаратаудай қайғы арқаласа да қайыспайтын ердің ұрпағысың. Мықты бол. Жақсы күнде жадырап отыруды жазсын», — деді Бесбаев.