Қаңтар оқиғасынан кейін елімізде әлеуметтік және спорттық инфрақұрылымды дамыту мақсатында бірқатар жобалар қолға алынды. Соның ішінде айрықша көзге түсетіні – еліміздің әр облыс орталығында салынып жатқан үстел теннисі орталықтары. Ауқымды әрі заманауи үлгідегі бұл кешендер қысқа уақыт ішінде бой көтерді.
Үкімет тарапынан бұл қадам «халықтың денсаулығын нығайту, спортқа қолжетімділікті арттыру» деп бағаланып отыр. Шын мәнінде, үстел теннисі – әлемде кең таралған әрі қолжетімді спорт түрі. Мұндай орталықтардың ашылуы әсіресе жастар үшін пайдалы екені сөзсіз.
Алайда кейбір сарапшылар бұл бастаманың астарында саяси мүдде болуы мүмкін екенін айтады. Бұл туралы пікірді әлеуметтік желіде журналист Серғали Балажан айтты. Пікір иелерінің айтуынша, бұл – өңір басшыларының президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамаларына қолдау көрсетіп, жағымды көзқарас қалыптастыруға бағытталған қадамдарының бірі болуы ықтимал. Мұндай көзқарас қоғам арасында түрлі пікір тудыруда.
«Ғимараттар әдемі, орталықтар заманауи. Бірақ ертең жаңа басшы келгенде бұл нысандарды басқа мақсатқа бейімдеп жіберуі мүмкін. Кешендерді спорттың басқа түрлеріне ауыстырып жіберу – бізде бұрыннан бар тәжірибе ғой», – дейді кейбір азаматтар әзіл-шыны аралас.
Дегенмен, кез келген спорттық нысанның салынуы – халық үшін тиімді қадам. Тек тұрақтылық пен ұзақмерзімді жоспарлау болса екен дейміз. Өйткені, спорттың дамуы елдің денсаулығы мен мәдени деңгейінің көрсеткіші. Сондықтан үстел теннисі орталықтары, заманауи талап ретінде, ел игілігі үшін қызмет етсе болғаны.
Спорттық нысандардың салынуы қашанда құптарлық іс. Бірақ уақыт өте келе олардың мақсатты түрде пайдаланылуын қадағалау маңызды. Ең бастысы, бұл орталықтар халықтың пайдасына жарап, спортты қолжетімді етсе болғаны.