Түркістанда облысының орталығында қытайлық кәсіпкерлермен екіжақты кездесу өтті. Аспан асты елінен арнайы келген «Zhongda Lianjian Beijing Construction Engineering Co., Ltd» компаниясының өкілдері өңірдің инвестициялық климатымен етене танысты, деп хабарлайды Todayınfo ақпараттық агенттігінің тілшісі.
Жиын барысында Түркістан облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Қанат Шонбасов шетелдік инвесторларды Түркістан облысының инвестициялық әлеуетімен таныстырды. Әрі инвесторларға көрсетілетін қолдау мен дайын өндіріс алаңдары, арнайы экономикалық аймақтарда орналасқан бірқатар жобаларға тоқталды.
Айта кетейік, компания басшылығы өзінің озық тәжірибесіне сүйене отырып, жаңартылатын энергия көздері, ауыл шаруашылығы, ақпараттық технологиялар, тау-кен өндірісі салалардағы Түркістан өңірінде іске асырып жатқан жобаларға қатысу ниеті туралы мәлімдеді.
Келіссөз соңында «Turkistan Invest» басқарма төрағасының орынбасары Руслан Леспеков пен «ШЫҰ Іскерлік кеңесінің Бейжің жұмыс тобы», «Zhongda Lianjian Beijing Construction Engineering Co., Ltd» директоры Хай Тонг меморандумға қол қойды. Меморандум шеңберінде тараптар жаңартылатын энергия көздері, ауыл шаруашылығы, ақпараттық технологиялар, тау-кен өндірісі салалары бойынша ынтымақтастықты және ақпарат пен тәжірибе алмасуды жандандыруға уағдаласты.
Түркістан облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының хабарлауынша, меморандумға қол қою арқылы Түркістан облысы мен қытайлық компания арасындағы экономикалық байланыстар нығаймақ. Бұл қадам өңірдің дамуына және халықаралық ынтымақтастықтың артуына ықпал етеді деп күтілуде. Алдағы уақытта қос тараптың бірлескен жобалары Түркістанның әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Астанада қытайлық ірі инвесторлармен келіссөз жүргізген еді.