Өскеменде осымен 17-ші рет Ер Жәнібек Бердәулетұлын еске алуға арналған республикалық турнир өтті, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігі.
Жарысқа елдің әр облыстарынан келген 200-ге жуық спортшы қатысты. Бұрындары халықаралық турнир атанған дәстүрлі жарыс қазір республикалық деңгейде өтеді. Турнир семсерлесу және рапира түрінен өтті. Турнирдің салтанатты ашылуында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Серік Құсымбаев, облыстық семсерлесу және рапира федерациясының президенті Игорь Васильевич Грязнов қатысты. Сондай-ақ, осы турнирге демеушілік танытып келе жатқан іскер азаматтар Тоқтасын Ерубаев, Сейілжан Сайлаубаев, Қайрат Оразбаев, басқа да азаматтар сөз алып, Олимпиада бағдарламасына енетін бұл спорт түрін елімізде дамыту үшін жасөспірімдер арасында жыл сайын осындай дүбірлі жарыс өткізудің жеміс беретінін айтты.
«Исі қазақта Жәнібек есімді батыр бірнешеу. Соның ішінде Ер Жәнібек Бердәулетұлы қазіргі Семей облысы Жарма ауданының Ортабұлақ ауылы маңында жерленген. Қабанбай, Наурызбай, Дәулетбай, Бөгенбай сияқты аты аңызға айналған батырлармен бірге тізе қосып, ұлтының азаттығы жолында жауларымен бел шешпей күрескен, ерлігі, найзагерлігі мен семсерлесудің һас шебері атанған Ер Жәнібекке жерлестері 2009-шы жылдың қыркүйегінде Ортабұлақ ауылы маңында үкен кешен орнатты. Батырға арналған ескерткіштің биіктігі 37 метр, жан-жағы мрамор таспен әшекейленді. Жыл сайын азан шақырып, ас беруді, спорттың семсерлесу түрінен ауқымды турнир өткізуді жерлестері мен Керей елінің азаматтары әдетке айналдырған. Тек пандемияға байланысты соңғы екі жыл бұл дәстүр тоқтап қалған болатын», — деді «Қазақстанның құрметті спорт қызметкері» Оңдасын Елубай.
Турнир бірнеше күнге созылды. Тартысты өткен жарыста семсерлесуден жасөспірімдер арасында бірінші орынды Алматы облысының талантты жасы Алексей Касаткин жеңіп алды. Екінші орынды алматылық Георгий Тинников, үшінші орындарды Шығыс Қазақстан облысының қос өкілі Кирилл Проходов пен Богдан Лукин иеленді.
Қыздар арасында Алматы қаласының өкілі Наталья Зинякова чемпион атанды. Кристина Красикова(ШҚО), Каролина Фомина (Алматы), Ләззат Карипова (ШҚО) одан кейінгі орындарды бөлісті. Ал кадеттер арасында Шығыс Қазақстан облысының болашағынан үміт күтетін семсерлесуші Кирилл Прохоров жеңімпаз атанды. Екінші және үшінші орындарда Тимур Иванов, Александр Шешин, Жанарбек Жанұзақов (барлығы Алматы қаласы).
Бұрымдылар арасында (кадеттер) Кристина Красикова қарсылас шақ келтірмеді. Екінші және үшінші орындарда Полина Лесовая (Алматы), Әмина Саматова(ШҚО), Хава Умаева (Алматы).
Рапирадан сайыстар үш күнге созылды. Алматылық Галим Нұрымов жасөспірімдер арасында бірінші орынды жеңіп алды. Қыздар арасында Алматы қаласынан София Ақтаева үздік атанды. Кадеттер арасында Абай облысынан келген Құсман Еділ чемпион атанды. Ал қыздар арасындағы тартысты сайыста тағы да София Ақтаева жеңіс тұғырына көтерілді. Командалық есепте Алматы, қыздар арасында Шығыс Қазақстан облысының саңлақтары ағарып алдын көрінді.
«Семсерлесу мен рапира соңғы жылдары елімізде дамып келеді. Әсіресе, Алматы қаласы мен Алматы, Шығыс Қазақстан, Шымкент қаласында спорттың бұл түріне көңіл бөлінеді. Осындай дүбірлі жарыстарды тұрақты өткізудің маңызы зор. Жастардың шеберлігін арттырады. Мәселен, Руслан Курданов, Вадим Шарлаимов, Алина Искендирова сияқты талантты жастар Азия чемпионатында топ жарды, Әлем кубогында жүлде терді. Қысқасы, спорттың бұл түрінен үмітіміз бар», — деді Семсерлесу және рапира федерациясының вице-президенті Қарлығаш Сайханова.
Жарыста жеңімпаз атанған үздіктерге, команда капитандарына грамоталар мен ескерткіш сыйлықтар тапсырылды.