Түркістан облысының әкімдігі өзбекстандық «УЗТЕКСТИЛЬПРОМ» қауымдастығымен меморандумға отырды. Іс-шара «Қазақстан-Өзбекстан» бизнес форумы аясында жүзеге асты, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігі.
Бүгін Астанада Өзбекстан Республикасының Президенті Шавхат Мирзиеевтің Қазақстанға ресми іссапары аясында «Қазақстан-Өзбекстан» бизнес форумы өтіп жатыр. Көршілес елдің әлеуетті кәсіпкерлерімен тікелей байланыстар орнатылуда. Екіжақты келісімдер жасалып, сауда байланысын жандандыру мәселелері талқыланып жатыр. Форумға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров қатысып, баяндама жасады.
«Түркістан облысы республикамызда Өзбекстанмен шекаралас орналасқан, экономикасы қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі. Инвестициялық және туристік потенциалы өте жоғары. Өзбекстан мен Түркістан облысы арасында сауда қатынасы жақсы дамыған. Өткен жылы тауар айналымы 422 млн АҚШ долларын құрады. Оның ішінде экспорт көлемі 253 млн. АҚШ доллары, импорт 169 млн. АҚШ доллары деңгейінде қалыптасты. Екі ел ынтымақтастығы аясында Түркістан облысы Ташкент, Хорезм, Ферғана, Жизақ, Сырдария және Самарканд облыстарымен меморандумдарға қол қойылғанын атап өткім келеді», — деді облыс әкімінің орынбасары.
Оның сөзінше, Түркістан облысы құрылғаннан бастап экономикаға жалпы 4,3 трлн. теңге инвестиция тартылып, 200-ден астам жоба іске қосылған. Қосымша 1,7 трлн. теңгеге 8 818 жаңа жұмыс орны ашылатын ТОП-20 ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда.
«Екі елдің туризм саласын дамытуға барлық мүмкіндігі бар. екі жақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін жоғарыда аталған алаңшаларда агроөнеркәсіптік кешені, тоқыма және жібек кластері, тамақ және машина өндірісі, қайта өңдеу өнеркәсібі, сондай-ақ жаңартылған энергия көздері және туризм салалары бойынша бірлескен жобаларды іске асыруға шақырамын», – деді Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров.
Облыста сауда, ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс және тағы басқа салада Өзбекстан капиталының қатысуымен 40-қа жуық компания жұмыс істейді. Бірнеше маңызды жобалар іске асырылуда. Атап айтқанда «Global Textile» ЖШС Мақтаарал ауданында тоқыма кластерін құру, «Meat Magnat» АӨК Сайрам ауданында бордақылау алаңын салу, «Qazaq Zhibek» қауымдастығы Жібек кластерін құру. Қазіргі таңда облыс аумағында 297 000 түп тұт ағашының көшеттері егілді. Жобаларды іске асыру өз кезегінде облыс экономикасына 65 млн АҚШ доллары тікелей шетелдік инвестиция тартып, 2 050 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
«Түркістан облысында стратегиялық және экономикалық тұрғыдан аса маңызды, екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланысты дамытуға мүмкіндік беретін – «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы» құрылуда. Түркістан қаласы аумағында 30 гектар алқапта шағын өнеркәсіптік парк салынуда. Парктің ерекшелігі кәсіпкерлерге дайын өндірістік ғимараттар ұсынылады. Бүгінгі таңда жобаның І кезеңі аяқталып, 14 ғимарат іске қосылды. Қосымша ІІ және ІІІ кезеңдерінің құрылысы басталды. Бұдан бөлек аумағы 2 субаймақтан тұратын «TURAN» арнайы экономикалық аймағы құрылды. Бұл аймақта қатысушыларға салықтан босату, кедендік жеңілдіктер және инфрақұрылымы бар жер телімдерін қоса алғанда, ерекше құқықтық режим ұсынады», -делінген Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Форум барысында Түркістан өңірінің атынан облыс әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров пен «Узтекстильпром» қауымдастығының төрағасы Мирмухсин Сұлтанов өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұдан бөлек «ҚАЗАҚ ЖІБЕК» қауымдастығыӨзбекстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі жанындағы Жібек және жүн өнеркәсібін дамыту комитеті Жібек кластерін дамыту жобасын бірлесіп жүзеге асыру бойынша 2024-2029 жылдарға инвестициялық келісімшарт жасасты.
«Ал «Юпитер-М» ЖШС мен «Самарқанд ирригация жүйесі» ЖШС арасында дәнді дақылдарды өсіруге арналған суды үнемдейтін (жаңбырлататын) технологиялар мен суспензияларды енгізу бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды», — делінген Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Айта кетейік, ҚР Сауда және интеграция министрлігінің ұйымдастыруымен өтіп жатқан бизнес форумның мақсаты сауда-экономикалық серіктестікті нығайту, қазақстандық кәсіпорындар мен әлеуетті сатып алушылар арасында тікелей байланыс орнату және сауда қатынастарын жандандыру, екіжақты кездесулер өткізу.