Шымкентте көліктің терезесін шағып кеткен мұғалім жазадан босады, деп хабарлайды Todayinfo.
Жаздың басында әлеуметтік желілерде бір әйелдің такси терезесін сындырып жатқан видеосы тараған еді. Сот қараған іс барысында оқиғаның мән-жайы жарияланды. Әйелге ҚР Қылмыстық кодексінің 202-бабы 1-бөлігі бойынша — «бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіру, елеулі залал келтіру» дерегімен айып тағылған.
Сот мәліметінше, 2025 жылдың маусым айында таңғы сағат 05:30 шамасында «Яндекс GO» арқылы такси шақырған әйел жүргізушімен жанжалдасып қалған. Кикілжің барысында ол сыра бөтелкесімен «Geely Emgrand» автокөлігінің алдыңғы панелін және мониторын сындырып, кейін сол жақ алдыңғы есіктің әйнегін ұрып шаққан. Онымен тоқтамай, жол жиегінен тас алып, көліктің алдыңғы және артқы терезелерін, сондай-ақ есік ішіндегі пластик бөлшектерін бүлдірген. Салдарынан жүргізушіге материалдық шығын келген.
«Отырар» телеарнасының хабарлауынша, жанжалға айыпталушы әйелдің құрбысы себеп болған. Екі әйел де мас күйінде такси шақырып, бірі алдыңғы орынға, екіншісі артқы орынға отырған. Жол бойында әйелдің құрбысы көліктің ішіне құсып қойған. Олар жүргізушіге химиялық тазалау ақысын төлейміз деп келіскенмен, ақшалары жетпегендіктен кепіл ретінде ұялы телефон қалдырған. Кейін қайта оралып, жанжал шығарып, көлікті қиратып кеткен.
Сот отырысында такси жүргізушісі келтірілген шығынның толық өтелгенін айтып, айыпталушыға қатысты арызынан бас тартқан. Екі тараптың татуласқанын негізге алған сот мұғалімді жазадан босатты.