Фото: muhsinhendricks
Оңтүстік Африка полициясы әлемдегі алғашқы ашық гей-имам ретінде танымал Мухсин Хендрикстің Гкеберха қаласы маңында атып өлтірілгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Тodayinfo ақпараттық порталы.
Ол маргиналды мұсылмандар үшін панаға айналған мешітті басқарған, деп хабарлайды халықаралық ақпарат көздері.
Қастандық 15 ақпан күні орын алды. Хендрикс көлікпен келе жатқанда, жолын бөгеген көліктен бетперде киген екі белгісіз адам түсіп, оған оқ жаудырған. Оқ атқаннан кейін қаскөйлер оқиға орнынан ізін суытқан. Көлік жүргізушісі есін жиып, имамның қайтыс болғанын анықтады.
Полиция тарапы әлеуметтік желілерде таралған оқиғаның бейнежазбасын растады. Оқиға Гкеберха қаласы маңындағы Бетелсдорп ауданында болған. Құқық қорғау органдарының мәлімдеуінше, қылмыстың мотиві әлі белгісіз, ал тергеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Мухсин Хендрикс 1996 жылы, 29 жасында өзінің сексуалдық ориентациясын ашық жариялаған. Ол сол уақытта араб тілі мұғалімі болып жұмыс істеген және сән индустриясында мансабын бастауды көздеген. Бұған дейін ол отбасылы болып, бала сүйген, алайда әкесінің қайтыс болуынан сегіз жыл өткен соң ажырасып, өз отбасына шынайы болмысын жариялаған.