Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева неліктен той-думандарға жиі шықпайтынын және бұл арқылы табыс табуға ұмтылмайтынын түсіндірді. Бұл туралы ол журналист, жазушы Қанат Тілеуханға берген сұхбатында ашық айтты.
Әншінің пікірінше, оның өнердегі миссиясы той әншілерінің мақсатымен сәйкес келмейді.
«Тойдың қуыршағы болғым келмейді»
Роза Рымбаева тойға шығатын әріптестерінің негізгі міндеті – халықты билетіп, көңілін көтеру екенін атап өтті. Алайда, өзінің әндері мен мақсаты мүлдем басқа екенін жеткізді.
«Тойға шығатын әншілердің мақсаты — халықты билетіп, көңіл көтеру. Ал менің әндерім мен мақсатым басқа. Мен үшін ең маңыздысы — тойдың қуыршағы болмай, нағыз әнші болу», — деді Роза Рымбаева.
Басты мақсат – талғамды көтеру
Халық әртісі өз миссиясын қазақ тыңдарманының музыкалық талғамын көтеру деп біледі.
«Қазақ тыңдарманының музыкалық талғамын көтеру үшін еңбек етемін. Сол себепті мені тойға жиі шақырмайды. Бірақ мен оған ешқашан өкпелемеймін», — деп атап өтті ол.
Роза Рымбаева той сахнасының орнына негізінен концерттік алаңдарда өнер көрсететінін жеткізді. Ол өнер жолындағы бұл ұстанымын «жалғыздықпен» де байланыстырды.
«Көбіне концерттік сахнада жүремін. Жалғыздық деген мен өмірде емес, өнерде де солай», — деп қорытындылады сөзін әртіс.

