Фото: lite.mir24.tv
Оңтүстік Кореяның соты ел президенті Юн Сок Ёльге қатысты қамауға алу туралы екінші ордерді берді, деп хабарлайды Тodayinfo ақпараттық порталы.
Бұл туралы Yonhap агенттігі жоғары шенді шенеуніктердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы тергеу департаментіне сілтеме жасап хабарлады.
Бұған дейін Сеулдің батыс аудандық сотына департамент қызметкерлері қамауға алу ордерінің қолданылу мерзімін ұзартуды сұрап, өтініш берген. Алғашқы санкция 31 желтоқсанда шығарылып, 6 қаңтарға дейін жарамды болған.
3 қаңтар күні таңертең 30 тергеуші мен 120 полиция қызметкерінен тұратын топ президент резиденциясына келіп, Юн Сок Ёльді ұстауға тырысты. Алайда резиденцияның қауіпсіздік қызметімен бес сағаттық қақтығыстан кейін арнайы топ шегінуге мәжбүр болды.
7 қаңтарда парламентте өткен тыңдау барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы О Дон Ун азаматтардан қамауға алу әрекеті сәтсіз аяқталғаны үшін кешірім сұрады. Ол бұл қателікті мойындап, келесі әрекетке мұқият дайындалуға уәде берді.
Оңтүстік Кореяда не болып жатыр?
3 желтоқсанда Корея президенті Юн Сок Ёль елде әскери жағдай жариялаған. Бұл шешімін ол «конституциялық тәртіпті қорғау» және «солтүстік кореялық коммунистік күштер тарапынан төнген қауіп-қатердің алдын алу» ниеті деп түсіндірді.
Әскери жағдай енгізу туралы шешімге Демократиялық партияның оппозициялық лидері Ли Джэ Мен келіспеген. Ол партия мүшелерін парламент ғимаратына жиналуға шақырған. Кейін республика парламенті әскери жағдайды жою туралы шешім қабылдаған.
Сол уақытта оппозициялық партия президентті отставкаға кетуге шақырды, ал Оңтүстік Корея полициясы Юн Сок Ёльге қарсы мемлекеттік төңкеріс ұйымдастырғаны үшін тергеу жұмыстарын бастаған.
Осы уақытта Оңтүстік Кореяның қорғаныс министрі қызметінен кететінін жариялап, «әскери жағдайдың енгізілуі халық арасында алаңдаушылық пен шатасуға алып келгені үшін» кешірім сұраған. Президент әкімшілігінің басшысы мен тағы 10 аға хатшы да қызметтерінен босатылған.
Екі күннен кейін оппозициялық партия президент Юн Сок Ёльге импичмент жариялау процедурасын бастағаны белгілі болды. Бірақ сол кезде дауыс беру жүзеге аспай қалған, себебі билеуші партияның депутаттары отырысқа бойкот жариялаған.
Президент кейін халық алдында сөз сөйлеп, мұндай шешімді «шарасыздықтан» қабылдағанын айтып кешірім сұраған. Басқа бір сөзінде ол импичмент бойынша дауыс беру аяқталғанша отставкаға кетпейтінін мәлімдеген. Алайда 14 желтоқсанда парламент президентке импичмент жариялауды қолдап дауыс берген.
31 желтоқсан күні Оңтүстік Корея соты қызметінен шеттетілген президент Юн Сок Ёльді қамауға алу туралы ордер шығарды.