Фото: iz. ru
Оңтүстік Кореяның билігі президенттерімен қоса толықтай жазалануы мүмкін. Бас прокуратура елде әскери жағдай жариялау үшін президент Юн Сок Елмен ауызжаласқан бұрынғы қорғаныс министрін соттап қана қоймай, өлім жазасына кесу жағын да қарастыра бастады, деп хабарлайды кореялық Apnews басылымы.
Оңтүстік Кореяда 40 жылға жуық уақыттан кейін жарияланған әскери режимнің күші жарты күнге де жетпей қойылды.
Оның арты халықтың көшеге шығып, қарсылық білдіруіне ұласты. Президент пен оның жақтастары қылмыстық тергеу мен импичменттің алдында тұр. Әділет министрі Юн мен оның 8 жақтасына елден шығуға тыйым салынды. Оңтүстік Кореяда президенттің елден кетуіне тыйым салу шарасы бірінші рет қолданылып тұр. Сеул орталық аудандық соты сейсенбіде бұрынғы қорғаныс министрі Ким Ен Хенді қамауға алу туралы прокурорлардың өтінішін қарайтынын хабарлаған.
Ол елде әскери жағдай жариялап, депутаттарды осы сұраққа байланысты дауыс беру мақсатында Ұлттық ассамблеяға кіргізбей қойғаны үшін айыпталып отыр. Депутаттар 4 желтоқсан күні әскерилермен алысып жүріп, ғимаратқа кіріп, президенттің жарлығының күшін жойған болатын.
Ким Ен Хен қазір қамауда отыр, егер ордер шықса, осы іс бойынша жазаға тартылатын бірінші адам болмақ. Прокурорлар 20 күн ішінде тергеу жүргізіп, істің ақ-қарасын анықтауы керек. Ол бүлік шығару бойынша айыпталса, оған өлім жазасы берілуі мүмкін.
Елдегі оппозициялық партиялар мен сарапшылар әскери жағдай енгізген президенттің әрекетін заңға қайшы деп санайды. Президенттің тек «соғыс уақытында, әскери жағдайлар немесе басқа салыстырмалы ұлттық төтенше жағдайлар» кезінде әскери жағдай жариялауға құқығы бар. Ал Оңтүстік Кореяда бұл жағдайдың біреуі де болмаған. Сондықтан Ұлттық Ассамблеяның саяси жұмысын тоқтату үшін ғана әскери жағдай енгізу бүлікке тең болмақ. Оңтүстік Корея конституциясы президентке кез-келген жағдайда Парламенттің жұмысын тоқтату үшін армияны пайдалануға мүмкіндік бермейді.
Ақпарат көзі: azattyq-ruhy