Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Унзила Шапаққызы мен алаяқтық құрбаны болған азамат Анарбек Марқабай «Qasqa Jol» Youtube арнасына сұхбат беріп, еліміздегі онлайн несиелеу жүйесі мен азаматтардың жеке мәліметтерін қорғау мәселесіне тоқталды, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігі.
Анарбек Марқабай бұған дейін өзінің атына рұқсатынсыз 16 миллион теңгеге онлайн несие рәсімделіп кеткенін айтты. Ол бұл жағдайды еліміздегі заңнама мен ақпараттық қауіпсіздік жүйесінің әлсіздігімен байланыстырады.
«Онлайн кредиттің артықшылығы бар, бірақ қауіпсіздік жағы мүлде ақсап тұр. Тергеушілер IT қылмысты толық зерттей алмайды, ал IT мамандар бұл салада жұмыс істеуге даяр емес. Банктер азаматтардың рұқсатынсыз несие рәсімдейді, бұл – үлкен заң бұзушылық», – деді ол.
Депутат Унзила Шапаққызы да бұл мәселеге ерекше назар аудару қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, онлайн несиелеу жүйесі мен заңнаманың арасында үлкен алшақтық бар.
«Онлайн рәсімдеуді шектесек, азаматтар қайтадан оны қосуымызды сұрайды. Биометрия енгізілді, сонымен қатар ‘суыту кезеңі’ қарастырылды – яғни, несие өтінішінен кейін 24 сағат ішінде рәсімдеу рұқсатпен ғана жүзеге асады», – деді депутат.
Сондай-ақ, Унзила Шапаққызы несие рәсімделген жағдайда, егер азамат алаяқтықтың құрбаны екенін дәлелдесе, несие төлемі тоқтатылатынын және несие тарихы қайта қаралатынын айтты.