Батыс Қазақстан облысында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға баспана беру жалғасып жатыр. Мемлекет басшысы су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға тиісті көмек көрсетуді тапсырған болатын.
Орал қаласында су тасқыны салдарынан жалғыз баспанасы жарамсыз деп танылған тағы 6 саяжай тұрғыны баспаналы болды, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігінің тілшісі.
Жаңа пәтерлер демеушілердің қаржысына сатып алынды.
Үкімет басшысының тапсырмасына сәйкес, қаржылық ұйымдар мен демеушілер өңірдегі зардап шеккен тұрғындарға қол ұшын созып, көмегін беруде.
Оралдық Қайрат Шакировтың саяжайдағы жалғыз баспанасы суға кетіп, жарамсыз деп танылған. Бүгін ол жаңа пәтеріне кірді.
«Су тасқынынан кейін эвакуациялық пунктте тұрдық. Тезірек баспаналы болғымыз келді. Бүгін арманымызға қол жеткізіп отырмыз. Мемлекет басшысына алғысымызды білдіреміз» – деді БҚО-ның тұрғыны Қайрат Шакиров.
“Осылайша Орал қаласында жалғыз баспанасы болып есептелетін, үйлері апатты деп танылған саяжай тұрғындарына алдағы уақытта жаңа үйлер сатып алу және салу бойынша жұмыстар жүргізілуде”, -деп хабарлады БҚО әкімдігінің баспасөз қызметінен.