Орал қаласында 18 жастағы Қуаныш Хайруллин досын пайдакүнемдік мақсатта өлтіргені үшін 17 жылға сотталды,деп хабарлайды Todayinfo агенттігі.
Тергеу мәліметінше, сотталушы 2024 жылдың қаңтарында Жамбыловпен танысып, кейін дос болып кеткен. Алайда, олардың арасындағы қарым-қатынас несиеге байланысты жанжалдан кейін шиеленіскен. Жамбылов белгілі бір соманы Хайруллинге қарызға берген, бірақ ол ақшаны уақытында қайтара алмаған.
Қанды оқиға қалай болды?
Жанжал кезінде Жамбылов қатты ашуланып, дауыс көтеріп, қарызды қайтаруды талап еткен. Хайруллин оны таңғы асқа шақырып, ақша үшін қосымша уақыт сұраған. Бірақ Жамбылов қалтасынан пышақ алып шығып, оның аяғын екі рет ұрып, спорт киімін кескен.
Қатты қорыққан Хайруллин сарайдан пышақ алып келіп, алдымен Жамбыловтың мойнынан ұрған, бірақ жарақат жеңіл болған. Жәбірленуші тоқтамай, оны алдап жатыр деп айыптаған соң, Хайруллин кеудесінен бірнеше рет пышақ сұғып өлтірген.
Қылмысты жасыру үшін мәйітті полиэтилен пакетке орап, сарайдан 1 метр тереңдікте көміп тастаған. Ал марқұмның телефонын, құлаққабын және екі пышақты Шаған өзеніне лақтырып жіберген.
Тергеу және сот үкімі
Марқұмның туыстары мен полицейлер бірнеше күннен кейін оны іздей бастағанда, Хайруллин өз кінәсін жоққа шығарып, бірнеше рет жалған ақпарат беруге тырысқан.
Мемлекеттік айыптаушы Дина Ізтілеуова оның берген түсініктемесіне күмән келтірді. Тергеу барысында марқұмның оқиға орнына пышақсыз келгені анықталды. Сонымен қатар, мәйіттің оң жақ қабырғасына қатты соққы тиген, бұл оның футболкасындағы зақымданумен сәйкес келген.
Сараптама қорытындысы мәйіттің бір ай ішінде толықтай шіріп кеткенін, сондықтан нақты өлім себебін анықтау мүмкін болмағанын көрсетті. Тергеушілер Хайруллиннің қарызды қайтаруға уәде берген жазбасын тапқаннан кейін ғана ол кінәсін мойындауға мәжбүр болды.
Марқұмның туыстары соттан ең қатаң жаза тағайындауды талап етті. Сот үкімі бойынша Хайруллин 17 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын орташа қауіпсіздік деңгейіндегі түзеу мекемесінде өтейтін болады.