Оралда әйелді өлтірген күдікті ұсталды, деп хабарлады Todayinfo.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, кеше қаладағы жер үйлердің бірінен 1957 жылы туған әйелдің мәйіті табылған. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы және Орал қалалық ПБ-ның полиция қызметкерлері дереу жіберілді.
Қылмыскер оқиға орнында табылған саусақ ізі арқылы анықталды. Оқиға болған жерді мұқият тексеру барысында криминалист маман үйден саусақ ізі қалған әйнек сынығын тауып, тәркіледі. Одан әрі деректер базасында бірдей саусақ ізін анықтау үшін салыстырмалы талдау жүргізіліп, күдікті табылды. Ол жәбірленушінің 28 жастағы көршісі болып шықты. Сондай-ақ оқиға орнынан басқа да заттай дәлелдемелер алынды.
«Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, сараптама тағайындалды. Аталған дерекке қатысты тергеу жүргізіліп жатыр», – делінген полиция хабарламасында.