Оралда Ата Заңның 30 жылдығына арналған ғылыми-практикалық конференция өтті. Бұл туралы БҚО әкімінің баспасөз қызметі хабарлап отыр, деп жазады Todayinfo.kz ақпараттық агенттігі.
«Конституцияның 30 жылдығы: қоғамның құқықтық мәдениетінің қалыптасуы» тақырыбында өткен облыстық ғылыми-практикалық конференцияға облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев, облыс прокурорының міндетін атқарушы Дәурен Омарғалиев, заңгер, М.Нәрікбаев атындағы университеттің оқытушысы, Калифорния университетінің түлегі Рамазан Көкжалов, өңіріміздің зиялы қауымы, еңбек ардагерлері, ЖОО ректорлары, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйымдар мен Ассамблея өкілдері, мемлекеттік және құқыққорғау органдарының басшылары, белсенді жастар мен БАҚ өкілдері қатысты.
Конференцияны облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Ермекұлы ашып, облыс әкімі атынан Ата заңның 30 жылдығымен құттықтады.
-Негізгі Заңымыз мемлекетіміздің іргетасын бекітіп, еліміздегі ішкі саяси тұрақтылық пен қоғамды біріктіруге зор үлес қосты. Біздің міндетіміз – Конституцияның арқасында қол жеткізген жетістіктерімізді сақтау, тәуелсіздігімізді нығайту және мемлекеттік іргемізді бекемдей отырып, қазіргі әлемнің барлық сын-қатерлеріне қарамастан сенімді түрде алға басу. Бұл – баршамызға жүктелген зор жауапкершілік, — деді облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Ермекұлы өз сөзінде.
Заңгер, М.Нәрікбаев атындағы университеттің оқытушысы Рамазан Көкжалов қазақ жерінде конституционализм идеясы тым әріден басталғанын айтты. Ол 1917 жылдың 21 қарашасы. «Қазақ» газетінде Алаш партиясының саяси бағдарламасы, Алаш арыстары көтерген ойлар – бүгінгі Ата Заңымыздың негізі деді.
Сонымен қатар конференцияда Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің проректоры Жанар Досқазиева, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің Білім және менеджмент институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы Әсет Тасмағамбетов, Адам құқықтары жәніндегі уәкілдің БҚО бойынша өкілі Жанат Нұрмағамбетова баяндама жасады. Жиын қатысушылардың пікір алмасуымен қорытындыланды.