Фото: gov.kz
Күдікті 26 жастағы әйел адам жиһаз салондарының бірінде менеджер болып жұмыс істеген. Клиенттерден жиһаз сатып алу сылтауымен олардың ақшасын өз жеке шотына аудартып, қолма-қол төленген сомаларды өзіне алған, деп хабарлайды Тodayinfo ақпараттық порталы БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
— Алдын ала жүргізілген зерттеулерге сәйкес, оның осы әрекеттерінің салдарынан тұрғындарға шамамен 5 млн теңге шығын келтірілген. Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты 13 эпизод бойынша ҚР ҚК 190-бабы 3-бөлігіне (алаяқтық) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Полиция қызметкерлері осы алаяқтың құрбаны болған азаматтарды 102 нөміріне немесе өздерінің тұрғылықты жері бойынша аумақтық полиция бөліміне хабарласуға шақырады.
Полиция азаматтарға сатып алу кезінде аса сақ болуға, сатушылар мен ұйымдардың сенімділігін мұқият тексеруге кеңес береді, — деп хабарлады ведомстводан.
Аталған бап бойынша айыпты деп танылған адам мүлкi тәркiленіп, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан алты жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып немесе онсыз, үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.