Фотоколлаж: stan.kz
Заңгер Айгүл Орынбек онсызда қоғамның сынына ұшырап жүрген Мұхамеджан Тазабектің әрекеттерін тізіп, сын садағына алды, деп хабарлайды Todayinfo.
Ата-анасын Меккеге алып барған заңгер, көргендері мен естігендері мүлдем бөлек екенін айтты. Сонымен қатар Тазабектің де кезінде елге «талақ айтып» кеткенін еске салды.
«Мұхамеджан Тазабек ағамыздың жазбаларын оқып, Сауд Арабиясы артта қалған ел деп ойлайтын едім. Сөйтсем, бұл ел білім мен цифрлы жаһандану арқылы дамуға бар күшін салып жатыр екен. Ал біздің қазақтар сол елдің жаһандануына өз үлестерін қосып жатыр. Тазабек қандай Меккеге барып жүргенін қайдам, бірақ мен барған Меккеде әйелдердің құқығы өте жоғары деңгейде екенін байқадым. Әсіресе ер азаматтар ақша табуды толық өз жауапкершілігіне алған. Әйелдер балаларын қалай асыраймын деп бас қатырмайды», — деп жазды заңгер.
Оның пікірінше, әйелдердің миын уағызбен улау — ұрпақты қараңғылыққа тәрбиелеу. Ал оның жанында шашпауын көтеріп жүргендер де, Мүхамеджан басқарған телеарна да тоқал мен орамал төңірегінде уағыз көп айтқан.
«Қаңтар оқиғасы кезінде елден «талақ айтып» кеткен Мұхамеджан ағамыз кезінде осы елдің керемет тәжірибесін неге айтпады деген сұрақ мені мазалады. Кофе ішіп, әтір сеуіп, қарапайым халыққа тек ақыл айтып қана қоймай, Сауд Арабиясы патшаларының өз халқына қандай жағдай жасап жатқанын насихаттамағаны өкінішті.
Оның жанындағы шапанын көтеріп жүрген шәкірттері мен Асыл арнасы тек құлшылық пен әйелдермен ұрсып, орамал мен тоқалдан басқа ештеңе айтпайтын.
Отыз жыл бойы қараңғы халықты дінмен улау билікте отырғандарға тиімді болды. Қара халықты әдейі тобырға айналдырды! Қалай болғанда да әйелдерді езумен келді. Бұл – халықтың сенімін улау арқылы қоғамды басқарудың үлкен саясаты.Миы уланған қараңғы әйел топас ұрпақ тәрбиелейді. Ұлтты жойғың келсе, көп нәрсе қажет емес – әйелді білімсіз қылсаң жеткілікті. Нәтиже: қараңғы ұрпақ!», — деп жазды Айгүл Орынбек.