Фото: caravan
Танымал журналист Кәмшат Тасболат атышулы Мөлдір Мұқанның фильмін көруге шақырған Құралай ханым туралы ойын ортаға салды. Ол халыққа манипуляция жасалып жатқанын ашық айтты, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы ол желідегі парақшасында мәлімдеді.
«Достар, анау Шай в большом городе деген фильмге адам тарту үшін неше түрлі манипуляцияның жасалып жатқанын көріп отырмыз. Бірақ анау Құралай ханымның “Қолынан түк келмейтін, бітірген дымы жоқ, сыншы диванбатырлар отанымды жемей, 3000 теңгеге зарламай, барып қолдаңдар Мөлдірді” деген сөзіне құқықтық баға беріле ме? Заң аясында шара қолданыла ма?
Отан деген қастерлі ұғымды қорлап, әдетте боқтанғанда айтылатын сөздің орнына қолдану құқықтық, этикалық тұрғыдан дұрыс па? Қай орысты көрдің “родина” сөзін қорлаған? Ағылшын бар ма “homeland, country” сөзін қорлаған? Отаның ұнамай ма, кім ұстап тұр?
Қазір қоғам белсенділері фильмге бойкот жариялап жатыр екен. Бұл жерде Құралай ханымның (мынадан кейін ханым дегенге ауыз бармайды екен, әдетте ханым сөзі мәдениетті, әдепті адамға айтылады ғой) сөзіне құқықтық баға беріліп, боғауыз сөздің мағынасында “Отан” сөзін қыстырып, қорлағаны үшін Әкімшілік құқық-бұзушылық кодексіне сәйкес, тиісті айыппұлын төлеп, ресми кешірім сұрауы керек. Мәселен, өткен жылы елімізде боқтанған 8000-нан астам адам әкімшілік жазаға тартылып, 70 мың теңге айыппұлын төлепті. Бұл жерде өзін коучпын, танымалмын деп отырған мына әйелді де басқаларға сабақ болу үшін айыппұлмен жазалау керек емес пе? Тіпті, бұл айыппұл миллион болса да Отан алдындағы күнәсін жаппайды…
Кино түсіре алмайсыңдар ма, халықты қорлап, мал сияқты кинозалға манипуляциямен айдап апарамыз деп ойламаңдар. Кәсіби режиссер Ермек Тұрсыновтың жылайтынындай да бар ғой. Кино жанры сол Анандидің ар жақ-бер жағы боп тұр. Жақсы киноға жарнамасыз барады. Ақша үшін бірде түрлі гивтер ұйымдастырып, бірде психологиялық тренингтер өткізіп, Фигаро анда, Фигаро мында боп жүргендер — нағыз түк бітірмегендер. Бір саланың маманы болмай, он салада ақша үшін жүгірудің түбі денсаулыққа да, болашаққа да кері әсерін тигізеді. Халыққа дөрекі сөйлейтіндер заң аясында жауап берсін», — деп жазды журналист.

