Фото: Todayinfo
Басынан бұлт, жағасынан жұрт кетпеген жасыл желекті, қалың қарағайлы Баянауыл туристік орындардың бірі. Жердегі жұмақ саналатын Баянауылдың жанға жайлы табиғаты келушілердің таңданысын тоқтатқан емес. Жұмақ мекен саналатын орындарда туристер аз емес, десе де олардың бәріне қолайлы жағдай жасалмаған. Бірі жағажайдан алыс болса, келесісі туристерге сапалы қызмет көрсете алмайды немесе бағасы қызмет құнына сай емес. Todayinfo тілшілері Баянауылдағы туристік маусымның дайындығымен танысып қайтты.
Жеке жағажайы бар демалыс орындары аз
Жеке жағажайы бар қонақ үйлер мен демалыс орындарының саны оншақты ғана. Оның бәрі туристерді қабылдамайды. Көбі Павлодар облысындағы шахталар мен өзгеде ауыр өндіріс орындарының жұмысшыларына арналған. Яғни, сырттан ақшалы туристерді алмайды, тек жолдамамен келетін жұмысшыларға ғана қызмет көрсетеді. Одан бөлек балалар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған сауықтыру орталықтары да бар. Ал демалушыларды қабылдай алатын жеке жағажайы бар, әралуан қызмет түрлері мен құнарлы ас, таза жатын бөлмелермен қамтамасыз ете алатын үш орталық болса, солардың бірі — «Самал» деп аталатын санаторий.
«Біз Баянауыл Ұлттық паркінде, қорғалатын аймақта орналасқандықтан қатал талаптар бар. Біз барлық инстанциялардан жыл сайын тексеруден өтеміз. Жағалауды, акваторийлерді тексертеміз. Жағажайымыздың ұзындығы 170 метр және жеке өзіміздің құтқарушыларымыз бар. Жекеменшік жағалауымыз болса да басқа жақтан келген туристер тегін демалады. Бөлмелердің саны — 95. Шамамен 300- ден астам демалушыға арналған орын бар. Бөлмелер төрт категорияға бөлінеді. 2-8 орынды бөлмелерден өзге, екі адамға арналған жайлы жатын орындарды да ұсына аламыз. Бөлмелер кең, жарық. Жеке асханамыздағы аспаздардың 15 жылдық тәжірибесі бар. Оны арнайы Өзбекстаннан шақырттық. Біздегі басты фишка — шығыс тағамдары», — дейді «Самал» демалыс орталығының әкімшілік басқарушысы Динара Тәжіғұлова.
Аймақта теннис ойнайтын корд бар. Демалушылар үшін жеке кауап пісіретін орындар да қарастырылған.
Динара Қайратқызының сөзінше, баға қолжетімді. Таңғы аспен қоса алғанда 2 орынға арналған бөлме 24 мың теңгеден басталады. Ал санаты жоғары бөлмелер екі адам үшін тәулігіне таңғы асымен қоса алғанда 34 мың теңге тұрады.
«Ары қарай жартылай люкс және люкс бөлмелер бар. Таңғы аста кіреді. Бізде биылғы жылдың жаңалығы — бунгало. А фрейм баламасында үлкен террасасы бар үйлер. Кең терезелері арқылы тауға да өзенге де қарауға мүмкіндік жоғары. Жағалаудың бойында сауна мен моншалар бар. Моншадан бірден көлге секіруге болады. Балалар ойнайтын арнайы аймақта қарастырылған. Биыл өзен жағасында кофехана ашып жатырмыз. Бізге қонақтар Қарағанды, Павлодар облысы, Екібастұз, Астанадан сосын Ресейден де көптеп келеді. Москва, Омск жақтардан келетін туристер аз емес. Біз судың бірінші жағалауында жатырмыз. Қонақтар үшін бүкіл жағдай жасалған. Кез-келген адам кіре алмайды. Арнайы видеокамера арқылы бәрін бақылап отырамыз», — деді демалыс орталығының әкімшісі.
Баянауыл ұлттық паркіндегі Жасыбай, Сабындыкөл және Торайғыр көлдері таулы орманмен қоршалған. Суы мөлдір, сыңсыған қарағай мен аңыздарға тола түрлі пішіндегі қатпар тастар туристерді таңғалдырмай қоймайды. Туристік курорттар Жасыбайдың жағасында аз емес. Алайда бәрі адамдарды қабылдамайды немесе көбінің қызметі көрсетуі жоғары жағдайға жетпеген.
Осындай керемет сұлу жерді тығып ұстап отырсыңдар…
Туристерді ерекше таңғалдыратын Торайғыр көлі мен тауы. Жасыбайдан шыға Торайғыр тауына жеткенше табиғатқа туристер тамсанумен болады. Жолай жолаушылар Кемпіртасқа тоқтап, Найзатасқа шығып, қола дәуіріндегі қорымдарды аралай алады. Сақ обсерваториясына барып, Ұйқыдағы арудың тауына тамсанады. Көз тоятын көрікті жерлердің жолы Әулиебұлаққа бірақ әкеледі. Суы минералды бұлақтың айналасында тек Канада мен Қазақстанда ғана кездесетін Қанды қарағаш өсіп тұр.
«Минералды судың құрамы адам ағзасына өте пайдалы. Суын ішу үшін туристер бұл жерге өте көп келеді. Жуырда бұлаққа америкадан арнайы турист келіп, таңданысын жасырмады. Ол «мына керемет жерді неге тығып ұстап отырсыңдар, мен бұл жерлерді әлемге көрсетуім керек» деп айтты. Бұл орманда маса, шіркей болмайды. Әлемде тек екі мемлекетте ғана кездесетін мына қанды қара ағаштар осы судың құнарындағы керемет минералдар арқылы ғана өсір тұр», — деді бұлақ басында баклажка мен естелік бұйымдар сататын Әсем Нұрпейісова.
Айтуынша, бұлақтың суы асқазанға, ішкі құрылыстарға өте пайдалы. Сондықтан күніне жиырма шақты пластик құмыра сатып, пайда табады.
Қолмен жинағандай қатпар тастары бар Торайғыр көлі мен тауы қазақтың ардақтысы, өмірден ерте озған ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың атасының атымен аталады. Тау баурайы мен көлдің жағасында орналасқан ауылда Сұлтанмахмұт дүниеге келген.
«Өзім Үндістаннан келгем, Астанада тұрам. Осында алғаш рет келдік, бұндай жерді бірінші рет көріп тұрмын. Тыныштық, сұлу табиғат. Шаршауды шығарып, тез күш жинап алдым осында. Өте сұлу, ауасы таза екен», — деді үндістандық турист.
Ал туристердің бабын табуды білетін Динара Тәжіғұлова демалушыларды жаз бойы қабылдап, ренжітпей қайтаруға тас түйін дайын.
«Самал» демалыс орталығының байланыс телефон номері: 8 777 181 62 22