Пәкістан армиясы Үндістанға қарсы жауап ретінде кең көлемді әскери операцияны бастады, деп хабарлайды Todayinfo.kz.
Geo TV телеарнасының хабарлауынша, операцияның мақсаты бірнеше әскери нысан болған.
Пәкістан сыртқы істер министрі Исхак Дардың сөзінше, «соңғы үш күнде Үндістан тарапынан тоқтаусыз агрессияға» қарамастан, Пәкістан шиеленісті ушықтырудан бойын аулақ ұстап келген.
Оның айтуынша, Үндістан Пәкістанды бірнеше рет шабуыл жасады деп айыптаған. Алайда бұл – Пәкістан тарапынан алғашқы шабуыл болып отыр.
Дар Нью-Делидің Исламабадты «халықаралық қауымдастықтың көз алдында агрессор етіп көрсетуге тырысқанын», бірақ әлемнің бұл айыптауларға сенбегенін айтты. Ол Пәкістанның дос елдердің сабырлылыққа шақыруын құрметтейтінін қоса айтты. Алайда Үндістан «қызыл сызықтан өтіп», Пәкістанды жауап қайтаруға мәжбүр еткен.
«Пәкістан дос елдермен қарым-қатынасты жоғары бағалайды, – деді Дар. – Бірақ Үндістан оларды адастырып, шиеленісті үдетуді жалғастырды. Біз үш күн бойы сабыр сақтадық».
БАҚ-тың ақпарат көздеріне сілтеме жасап хабарлауынша, пәкістандық әскерилер Үндістанның Адампур әскери-әуе базасын жойып, Удхампур әуе базасына да соққы жасаған. Бұған қоса, кибершабуыл нәтижесінде Үндістанның электр желісінің 70 пайызы істен шыққан.
Үндістан Пәкістанмен қақтығысқа байланысты резервтегі әскерилерін жұмылдыру туралы жариялады.
Еске сала кетейік, бұған дейін Үндістан мен Пәкістан Кашмирдегі даулы шекара бойында қатты атыс жүргізіп жатқаны хабарланған еді.
7 мамырдың түнінде Үндістан Пәкістанның Пенджаб провинциясына және Пәкістан бақылауындағы Кашмир аймағына бірқатар әуе соққысын жасады. «Синдур» деп аталған операция 22 сәуірде Пахалгам қаласында болған терактқа жауап ретінде өткізілді. Ол теракт нәтижесінде 26 адам, негізінен туристер қаза тапқан еді.
Үндістанның Сыртқы істер министрлігі операцияны Пәкістан террористерді тоқтатпаған соң және жаңа шабуылдарға дайындық жалғасқандықтан, теракт ұйымдастырушыларды жазалау мақсатында өткізгенін түсіндірді.
Пәкістан бұл әрекетті «соғыс актісі» деп атап, қарымта соққы жасады. Исламабад терактқа қатысы бар деген Үндістан айыптауларын жоққа шығарып, көрші елге ешқандай дұшпандық пиғыл танытпағанын мәлімдеді.
Екі тарап соққылардан кейін ондаған жаралы мен қаза тапқандар туралы хабарлады. 7 мамырда Пәкістанның Ұлттық қауіпсіздік кеңесі Үндістан әрекетіне жауап қайтаруға және өзін-өзі қорғау құқығын қолдануға армияға рұқсат берді.