Алматы–Ақтау бағытындағы Air Astana әуе компаниясының КС 859 рейсінде оқыс жағдай тіркелді. Жолаушылардың айтуынша, ұшақ көтеріле берген сәттен бастап салонында бөгде дыбыстар естілген. Шамамен жарты сағаттан кейін әуе кемесі кенеттен биіктікті төмендетіп, 10 мың метрден 3 мың метрге түскен, деп хабарлайды Todayinfo ZTB инстаграм парақшасына сілтеме жасап.
Куәгерлердің сөзінше, сол кезде бортта дүрбелең басталып, кейбір жолаушылар орындарынан тұрып кеткен. Әйелдер жылап, адамдар дұға жасаған, тіпті бортсеріктер екі ортада жүгіріп ке кеткен. Әуежайдағы хабарландыру арқылы экипаж «жоспардан тыс қонуға» дайындалып жатқанын мәлімдеген.
Air Astana баспасөз қызметі аталған жағдайды растады. Компанияның хабарлауынша, 31 тамыз күні КС 859 рейсін орындаған экипаж Ақтауға жақындаған тұста техникалық ақау туралы мәлімдеп, нұсқаулыққа сәйкес шұғыл қонуға рұқсат сұраған. Әуе кемесі қауіпсіз биіктікке түсіп, Ақтау әуежайына сәтті қонған. Қазір ұшақ тексеруден өткізілуде.
Фото: air Astana