Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты «Түркістан облысы бойынша дезинфекция орталығы» ШЖҚ РМК филиалының бас директоры Қасымбек Төрегелдиевке және жеке компанияның басшысы Д. Озықбаевқа қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Todayinfo агенттігі.
Қ. Төрегелдиев алаяқтық, пара беруге итермелеу және немқұрайлық танытқаны, ал Д. Озықбаев пара беруге оқталғаны үшін кінәлі деп танылды.
«Төрегелдиев РМК-да жүргізіліп жатқан аудиторлық тексеру жөніндегі мәселенің шешімін оң жақты еткені үшін лауазымды тұлғаларға пара беру сылтауымен Озықбаевтың 500 мың теңге сомасындағы ақшалай қаражатын алаяқтық жолмен иемденген. Сондай-ақ Төрегелдиев өз міндеттерін тиісінше орындамау нәтижесінде орындалған жұмыстардың актілеріне оны нақты орындалмай қол қойды, сол арқылы мемлекетке 2,2 млн теңге сомаға залал келтірді», — делінген соттың хабарламасында.
Сот үкімімен Төрегелдиев 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Ал Озықбаев 7,5 млн теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді. Олар мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ