Фото: видеодан алынды
Павлодарда мектеп оқушысына физикалық зақым келтірген мұғалімге қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Бейнебақылау камерасына түсіп қалған оқиға
Әлеуметтік желіде сыныптағы бейнебақылау камерасына түсірілген видео тарады. Онда мұғалімнің тақта алдында тұрған оқушыға жақындап, баланың арқасын өткір затпен шаншығаны анық көрінеді. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы Павлодар облысының полиция қызметкерлерімен тексерілуде.
«Кәмелетке толмаған балаға дене жарақатын салу немесе басқа да күш көрсету фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Болған жағдайдың себептері мен мән-жайлары анықталып жатыр», – деп хабарлады Павлодар облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Мұғаліммен еңбек қатынастары тоқтатылды
Мектеп әкімшілігі бұл оқиғадан кейін мұғаліммен еңбек келісімшартын бұзғанын мәлімдеді. Қалалық білім беру бөлімінен хабарлағандай, №26 мектептің 9 Д сыныбында алгебра сабағы жүріп жатқан. Осы сәтте математика пәнінің мұғалімі тақтаға шығып, тапсырманы шешіп тұрған ер баланың артынан келіп, әлденемен түйреп өтеді.
Бейнежазбадан оқушының ауырсынып қалғаны байқалады. Ал мұғалімнің шкафқа жақындап келіп, одан бұрандалы шегені (шуруп) босатып алғаны да камераға түсіп қалған.
«Ер баланы мектептегі медицина қызметкері, жедел жәрдем бригадасы қарап шығып, денесіндегі тері қабаты бүлінбегенін анықтады. Ата-анасына баласын облыстық балалар ауруханасына алып барып, сіреспеге қарсы екпе алу ұсынылған. Алайда олар жеке клиникаға қаралатындарын айтып, бас тартты. Ал педагог өзінің неге бұлай жасағанын түсіндіре алмай отыр. Ата-анасынан кешірім сұрады», — деп хабарлады білім беру бөлімінен.
Еске салайық, бұған дейін Атырауда мектеп мұғалімі педагогикалық кеңестен кейін өз-өзіне қол жұмсамақ болғаны хабарланған еді.