[Железин ауданында жүргізілген прокурорлық тексеріс барысында ауыр қылмыс жасаған, сондай-ақ психикалық аурулары бар адамдардың білім беру ұйымдарында қызмет еткені анықталды.
Мысалы, балабақшалардың бірінде кісі өлтіргені үшін сотталған адам шамамен 5 жыл жұмыс істеген.
«Бірнеше білім беру мекемесінде ұрып-соққаны және соққыға жыққаны үшін жауапқа тартылған жұмысшылар анықталды. Мұндайға еңбек заңнамасында тікелей тыйым салынған. Железин аудандық прокуратурасы қабылдаған шаралардың нәтижесінде жоғарыда аталған адамдар жұмыстан шығарылып, басшылары тәртіптік жазаға тартылды», – деп хабарлады Павлодар облысы прокуратурасының баспасөз қызметі.
Прокурорлардың сөзінше, жалпы 500-ден астам кәмелетке толмаған азаматтың құқығы қорғалған.