Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басшысының орынбасары мүмкіндігі шектеулі жандарға арзанқол ноутбуктер мен телефондар сатып алып, үстінен мол пайда көрмекші болған. Осылайша мемлекет бюджетіне шамамен 133 млн теңге шығын келген.
Қаржылық мониторинг агенттігі «Қамқор» жедел алдын алу шарасы аясында мүмкіндігі шектеулі жандарға жеткізілген өнімдердің құнын негізсіз асыра бағалау фактілерін анықтады.
— Павлодар облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары және «Арт-Class» ЖШС атқарушы директорына қатысты бюджет қаражатын ұрлау дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілді. Белгілі болғандай, басқарма «Арт-Class» ЖШС-мен және «Аюм и Д» МҚБ-мен зағип және саңырау адамдарға арналған бағдарламалық жүйемен қамтылған ноутбуктер, ұялы телефондар сатып алу жөнінде шартқа отырған. Онда көрсетілген тауарлардың жалпы құны 476 млн теңгеден асқан. Алайда жеткізушінің гаджеттері тиісті техникалық сипаттамаларға сәйкес келмеді. Сәйкессіздік сомасы шамамен 133 млн теңгені құрап отыр, -деп хабарлады Қаржылық мониторинг агенттігінен.
Сот Павлодар облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасарын кінәлі деп танып, 9 жылға бас бостандығынан айырды.
Кәсіпкерлік қызмет арқылы 25 млн теңгеден астам заңсыз пайда көрген жеткізуші де жазасыз қалған жоқ.
Сот оған 7,5 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Техниканы жеткізушіден мемлекет пайдасына 133 млн теңгеге жуық сомасында азаматтық талап толығымен қанағаттандырылды.