Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) қоғамдық қайырымдылық қорының тең құрылтайшысы және басшысы Перизат Қайратқа қатысты тергеу амалдарын жалғастыруда. Ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмек көрсету және Палестина тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсету мақсатында жиналған 1,7 млрд теңгеден астам қаражатты жымқырды деп айыпталып отыр. Бұл туралы Todayinfo ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тәркіленген жылжымайтын мүлік пен көліктер
Соттың санкциясы бойынша қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алынған қымбат мүліктер тәркіленді. Олардың қатарында Астана қаласындағы бірнеше элиталық тұрғын үйлер бар:
- «Akbulak Riviera» тұрғын үй кешені
- «Highvill Ishim Gold» тұрғын үй кешені
- «Көк Жайлау» тұрғын үй кешені (тұрақ орындарымен қоса)
- «Sensata Plaza» тұрғын үй кешені
- «Vela Village» коттедж қалашығы
Сонымен қатар, қымбат көліктер тәркіленді:
- Mercedes-Benz S450
- Mercedes-Benz EQE 500
- Lexus LX-600
- Haval маркалы көліктер.
Қымбат бұйымдар мен брендтік заттар
Перизат Қайраттың тұрғылықты жерін тінту барысында қайырымдылыққа жиналған қаражатқа сатып алынған бірқатар құнды заттар анықталды. Оның ішінде әлемге әйгілі Cartier, Graff, Rolex, Bulgari, Gucci, Louis Vuitton, Versace, Chopard, Hermes, Dolce & Gabbana, Prada брендтерінің:
- Киімдері
- Аяқ киімдері
- Зергерлік бұйымдары
- Сөмкелері тәркіленді.
ҚМА баспасөз қызметінің хабарлауынша, тәркіленген заттар заттай дәлелдемелер ретінде танылып, қылмыстық іс материалдарына тіркелді.
Тергеу жалғасуда
Қазіргі таңда тергеу амалдары жалғасып жатыр. Алайда, Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеудің толық деректері жария етілмейді.