Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы Петропавл қаласының тұрғынына көлік қыздыру уақыты 5 минуттан асқаны үшін салынған айыппұлды жойды, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Прокуратура әкімшілік құқық бұзушылық ісін қарау кезінде елеулі қателіктерді анықтады. Петропавл полициясы жүргізушіге Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 597-бабының 1-бөлігі бойынша хаттама толтырған. Алайда құжатты рәсімдеу кезінде қателіктер жіберіліп, кінәні растайтын дәлелдер ұсынылмаған.
Нәтижесінде, прокуратура полиция әрекетін заңсыз деп танып, құқық бұзушылық құрамы болмауына байланысты істі тоқтатуға қол жеткізді.
Қазақстандағы көлік қыздыру ережесі
Қазақстанның жол қозғалысы ережелеріне сәйкес, елді мекендерде жұмыс істеп тұрған қозғалтқышы бар көлікті 5 минуттан артық қалдыруға тыйым салынады, егер бұл қоршаған ортаға кедергі келтірсе. Мұндай ережені бұзғандарға 2025 жылы 19 660 теңге көлемінде айыппұл салынады (5 АЕК). Қайталанған жағдайда, айыппұл көлемі 39 320 теңгеге (10 АЕК) дейін артады.
Экология министрі Ерлан Нысанбаев бұған дейін бұл шектеуді қолдаған болатын. Ол қысқы мезгілде көлікті 5 минутта қыздыру мүмкін екенін дәлелдеп, өз көлігін далада түні бойы қалдырып, таңертең белгіленген уақытта қыздырғанын айтты.