Англияның Кембриджшир графтығында пойызға белгісіз адамдар пышақпен шабуыл жасап, он адам жарақат алды. Олардың тоғызы ауыр халде ауруханада жатыр, деп хабарлайды Todayinfo ВВС-ге сілтеме жасап.
Оқиға 1 қараша кешкі уақытта Донкастер қаласынан Лондондағы King’s Cross вокзалына бағыт алған пойызда болған. Полиция дерегінше, шабуыл пойыз Кембриджшир аумағында келе жатқанда орын алған.
Шабуылдан кейін пойыз Хантингдон станциясында жоспардан тыс тоқтауға мәжбүр болды. Оқиға орнына жедел жәрдем, полиция және өрт сөндіру қызметінің көптеген қызметкерлері жетті.
Полицияның хабарлауынша, тоғыз жолаушы өміріне қауіп төндіретін жарақат алған, тағы бір адам жеңіл жарақатпен ем қабылдауда.
Құқық қорғау органдары екі күдіктіні қамауға алды. Тергеу жұмыстары антитеррорлық бөлімшенің қолдауымен жүргізіліп жатыр.
Фото: JUSTIN TALLIS/AFP

