Мемлекет басшысы Chevron корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы Майкл Уиртті қабылдады. Кездесу барысында стратегиялық әріптестіктің қазіргі ахуалы мен перспективасы талқыланды. Cондай-ақ ірі инвестициялық жобаларға, соның ішінде газ және мұнай химиясы өндірісіне ерекше назар аударылды, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігі.
Қасым-Жомарт Тоқаев Майкл Уиртті «Теңіз» кен орнын кеңейту жобасының табысты аяқталуымен құттықтап, Chevron компаниясымен серіктестік еліміздегі энергетика саласын тұрақты дамытуда негізгі рөл атқаратынын атап өтті. Сондай-ақ мемлекет басшысы отандық компаниялардың мұнай-газ секторындағы үлесін арттырудың өзектілігіне назар аударып, Chevron компаниясымен өзара тиімді әрі ұзақ мерзімді ынтымақтастықты тереңдетуге дайын екеніне тоқталды.
Өз кезегінде Майкл Уирт Қазақстан компанияның стратегиялық әрі сенімді серіктесі болып қала беретінін жеткізді. Ол «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорны 1993 жылдан 2024 жылға дейін елімізге айтарлықтай инвестиция салғанын айтты.
Фото: Ақорда