ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Абзал Құспан қашқындағы Қожамжаров туралы пікір білдірді. Депутат елді тонап, шетелге қашқан қазақстандық шенділердің еркін жүріп, саяси өмірге сырттай араласып жүргенін сынға алды, деп хабарлайды Todayinfo.
Абзал Құспан, өзінің сөзінде қазіргі кедендік түсімдердің көлеңкелі жолға өтіп кеткенін жазды. Кландар мен бандиттер шоғырланған кеден мәселесін тек президент қана шеше алады.
«Соңғы күндері бірнеше адам мені Қожамжаровқа қатысты қылмыстық іс тіркелді деген жаңалықтарға белгілеп жатыр. Әрине, Қожамжаров, ол — «жемқорлықпен күрескің келсе — оны басқар» деген мақалдың өмірдегі көрінісі. Бірақ шынын айтқанда, мен үшін нағыз жаңалық — Қожамжаровтың ұсталғаны немесе қамауға алынғаны болар еді. Әйтпесе, біз сот үкімі шықса да шетелде емін-еркін жүріп, саяси өмірге араласып жүрген талай «қылмыскерді» көрдік. Бұлда солардың қатарына қосылмасына кім кепіл?!», — депутат.
Ол ертеңгі Президент жолдауына үміт артатынын айтты. Оның сөзінше, саяси ахуал күрделі, ал экономикалық түсімдер көлеңкелі айналымда.
«Менің ойымша қазір ең маңыздысы — ертеңгі Жолдау болу керек. Өйткені қазіргі күрделі геосаяси жағдайда, ірі державалардың мүдделер қақтығысы орбитасында тұрған еліміздің бағыты қалай болатынын Президенттің өзі айқындап береді.
Мен мемлекет басшысы кеден мәселесіне тоқталса деп үміттенемін. Депутат болып сайланғаннан бері бұл тақырыпты Мәжіліс қабырғасында тұрақты көтеріп келемін. Соңғы рет 26.06.2025 ж. сессияның жабылар күні вице-премьер Жұманғаринге осы сұрақты қойған едім. Түсінгенім, кеден мәселесі Президент деңгейінде ғана шешіледі», — деді Абзал Құспан.
Бір ғана дерек:
• 2014 жылы кеден мен салық органдары біріктірілгеннен бері кедендік бақылау әлсіреп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдері күшейді.
• Мемлекеттік бюджетке түсетін кедендік төлемдер 2 есе қысқарды (2013 ж. – 8,8 млрд $, 2020 ж. – 3,8 млрд $).
• Кедендік тексерулер нәтижесінде өндірілген төлемдер 3 есе азайды (2010–2013 жж. – 426,6 млн $, 2014–2020 жж. – 126 млн $).
• Экономикалық контрабанда фактілері 2 есе, ал тәркіленген есірткі көлемі 36 есе азайды!
Еске салайық, Қазақстанда ең көп тауар айналысы Қорғас кеден бекетінде. Қытай-Қазақстан шекарасындағы тауар айналымының деректері мен ондағы алым-түсімдер үнемі дау туғызып келеді. Ескі Қазақстанның тұсында Қорғас кеден бекетіндегі жүк тасымалына Болат Назарбаевтар иелік етсе, бүгінде ол ұлты кавказдық адамдарың бақылауында екені айтылады.
Коллаж: Todayinfo