Фото: qazaquni.kz
Өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында қоғам белсендісі, журналист Дина Елгезек мәлімдеме жасап, өзін соттау ғана қалғанын айтты, деп хабарлайды Todayinfo.
Ол өзіне қарсы ақпараттық шабуыл жасап, кінә таққан адамдарды да көрсетті.
— Дұрыс! Бәрін соттап болдыңдар ғой. Енді менің үстімнен қылмыстық іс қозғау ғана қалды.
Соттаңдар мені! Менімен қоса 20 млн халықты соттаңдар!, — деп жазды.
Бұған дейін Дина Елгезек өз парақшасында:
«Нұрлан Нығматуллин өйтті, Дариға Назарбаева бүйтті. Айналып кетейіндер, Нығматуллин мен Назарбаевтардың өйтіп-бүйткенін сендерсіз-ақ білеміз.
Дәурен Дәриябек деген жақсы көретін журналист інім «бақаны қазанда қайнап жатқан ыстық суға салып жіберсең, ыршып ыстық судан секіріп кетеді.
Ал егер қазандағы мұздай суға салып, астына жаймендеп от жағып қойсаң, бақа пісіп кеткенін байқамай қалады. Тоқаевтың қазіргі саясаты дұрыс» дегендей пікір айтып еді өткенде.
Биылғы наурызда Назарбаевтың Тоқаевты билікке әкелгеніне 6 жыл болады. 6 жыл саясаткерге берілген көп уақыт!
6 жылда Тоқаевтың не қазаны қайнап болмады, не бақасы пісіп болмады ғой…
30 жыл билік еткен олигархат елді талан-таражға салды ма? Қылмыс жасады ма? Қолда екібастан дәйек пен дерек жетеді.
Манипуляцияны доғарып, іске кіріс! Жасай алмайсың ба, уақытты созып, елді алдауды доғар…
6 жылда не экономика дұрысталмады, не саяси реформа жасалмады.
Инфляция шарықтап, теңге құнсынданып, халықтың әлеуметтік жағдайы күрт нашарлап кетті.
6 жылда халық нақты қорытындыны талап ете бастайды»,— деген жазба жариялған еді.
Қоғам белсендісінің президентті сынап жазған жазбасы кейбір жандарға ұнамай қалған. Оның жазбасына Zhanerke Kayratkyzy атты желі қолданушы Ақорданы тегтеп, «Президентке қарсы ақпараттық шабуыл жасалуда» деп дабыл қаққан.