Фото: Instagram/thecartercenter
АҚШ-тың қазіргі президенті Джо Байден 2025 жылдың 9 қаңтарын бұрынғы американдық көшбасшы Джимми Картердің қайтыс болуына байланысты ұлттық аза тұту күні деп белгіледі. Бұл туралы Ақ үйдің ресми сайтында жарияланды.
«Мен 2025 жылдың 9 қаңтарын бүкіл Америка Құрама Штаттарында ұлттық аза тұту күні деп белгілеймін. Мен американдықтарды осы күні президент Джеймс Эрл Картерге құрмет көрсету үшін өздерінің ғибадат орындарына жиналуға шақырамын», – делінген сайттағы хабарламада.
Байден сонымен бірге ұлттық аза тұту белгісі ретінде АҚШ туларын 30 күнге төмендетуге бұйрық берді. Бұл елдегі және шетелдегі барлық мемлекеттік ғимараттарға, әскери нысандарға, американдық кемелерге қатысты. Америка құрама штаттарының 39-шы президенті және 2002 жылғы Нобель сыйлығының лауреаты Джимми Картер 29 желтоқсан күні Джорджия штатының Плейнс қаласындағы өз үйінде қайтыс болды
Ғасыр жасаған Картер АҚШ тарихындағы ең ұзақ өмір сүрген президент саналды. Экс-президент Картердің артында балалары – Джек, Чип, Джефф және Эми есімді балалары, сол сияқты 11 немересі мен 14 шөбересі қалды. Джимми Картердің жұбайы Розалин 2023 жылдың 19 қарашасында 96 жасында өмірден өткен.
«Әкем мен үшін ғана емес, әлемдегі бейбітшілікке, адам құқықтарына және сүйіспеншілікке сенетіндердің бәрі үшін батыр болды», — деп еске алды экс-президенттің ұлы Чип Картер.
Атланта мен Вашингтонда қоғамдық рәсімдер, Плейнсте жерлеу рәсімі өтеді. Джимми Картер (Толық аты-жөні – кіші Джеймс Эрл Картер,) 1924 жылы 1 қазанда Плейнсте дүниеге келген. Ол 1977 жылдан 1981 жылға дейін АҚШ президенті болды.